«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелерінің қатысуымен елордадағы Әзербайжан Мамбетов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесу өтті.
Шараға театр басшылығы, шығармашылық ұжым өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен қоғам өкілдері қатысты.
Жалпыұлттық коалиция мүшелері реформалар мәдениет саласын жаңғыртуға және халықтың рухани әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жаңа конституциялық нормалар ұлттық құндылықтарды сақтауға және шығармашылық еркіндікті қамтамасыз етуге бағытталған. Төл мұрамызды мемлекеттік деңгейде қорғаудың құқықтық негізі нығая түседі.
Абай Құрманқұлов, Астана қаласы әкімдігінің «Техникалық колледж» ШЖҚ МКК директоры:
- Конституция деген латынның «constitution» құрылым деген сөзінен шығып отыр ғой. Негізгі құрылым ол діңгегі мықты болса, заңдары да мықты болады. Еліміздің өркендеуіне, дамуына тікелей әсер ететін заңдар жинағы қалыптасады. Мемлекетіміз қай бағытта дамиды, қандай басымдықтарға көңіл аударуымыз керек? Конституцияда ғылым мен инновацияға, білім мен мәдениетке деген сияқты үлкен акцент беріп отыр.
Сонымен қатар жаңа құжатта азаматтардың әлеуметтік құқықтарын нақтылайтын маңызды нормалар енгізілді. Мәселен, алғаш рет Конституцияда әр адамның еңбек қызметін еркін таңдауға құқығы айқын көрсетілді.
Нұрайым Тезекбаева, Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының актрисасы:
- Менің білуімше, жаңа Конституция ол шығармашылық жайында. Шығармашылыққа еркіндік береді. Маған театр актрисасы ретінде өте маңызды. Шығармашылық адамдары үшін өте маңызды деп санаймын. Себебі бізге еркіндік берген жағдайда біз бар өнерімізді халыққа көрсете аламыз. Сонымен қатар мен өз елімнің болашағы толғандырады. Міндетті түрде референдумға қатысып, өз дауысымды беремін.
Жиын қорытындысында жаңа Конституция жобасы мемлекеттілікті нығайтуға, әлеуметтік кепілдіктерді кеңейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғаны атап өтілді. Жиынға жалпыхалықтық коалицияның Астана қаласы бойынша және респубикалық штаб мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, қоғам белсенділері қатысты.
Авторы: Рухани Әбдірахман
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #референдум 2026 #конституцияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz