Жаңа Конституция жобасы Астанадағы халықаралық әуежай қызметкерлеріне таныстырылды.
Қалалық мәслихат депутаттары мен заң ғылымдарының өкілдері Ата заңдағы жаңашылдықтарды бүге-шүгесіне дейін түсіндірді.
Әуежай қызметкерлерінің бүгінгі жұмыс күні ерекше басталды. Қалалық әкімдік өкілдері мен мәслихат депутаттары бейресми кездесу өткізуге ниет білдірген. Мақсат - жаңа Конституция жобасындағы жаңашылдықтарды түсіндіру.
Жамаладин Ибрагимов, заң ғылымдарының докторы:
- Халықаралық әуежай болғандықтан, халықаралық шарттардың енді біздің Конституциядан төмен болатыны туралы айтып өттім. Бүгінгі қолданыстағы Конституцияда халықаралық шарттар біздің кез келген заңнан, конституциядан басым болып тұр. Ал Конституция жобасында арнайы бап бар егер де, Конституциялық сот халықаралық шарттың біздің мемлекеттің құрылымына, азаматтардың құқықтарына қауіп келтіреді деп таныса, ол халықаралық шарттың нормасы біздің мемлекеттің құқықтық жүйесіне қосыла алмайды, яғни орындалмайды деген идея болды. Өйткені ол біздің мемлекеттің әлемдік аренадағы, халықаралық қатынастардағы мәртебесін көрсететін нормалардың бірі.
Ата Заң жобасында әр адамның елден тыс жерге шығуға құқығы бар делінген. Азаматтарымыздың Қазақстан Республикасына оралуына да кедергi жоқ.
Бауыржан Қасымбергебаев, қалалық мәслихат депутаты:
- Таяу Шығыстағы жағдайдан кейін әуе кеңістігінің жабылуына қарамастан, біздің азаматтарымыз елге оралды. Мен сол үшін жалпы авиация мамандарына, СІМ мен Үкіметке алғысымды айтам. Бұл жұмыла жүргізген жұмыстың нәтижесі.
Әуежай қызметкерлері тірлігі қауырт болса да, Конституция жобасын шолып шыққан.
Бауыржан Қасымбергебаев, қалалық мәслихат депутаты:
- Халықаралық әуежай қызметкерлерімен кездесу сәтті өтті. Көпшілік бұл референдумның маңызын түсінеді. Өйткені Ата заң халықтың мүддесін қорғауға бағытталған.
Жаңа Конституция еліміздің жаһандық мәртебесін бекіте түсері анық. Мұны әуежай қызметкерлері жақсы түсінеді.
Мерей Мұратханқызы, Бағдат Қайыркен
Тегтер #әуежай #конституциялық реформа #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz