Соңғы екі тәулікте Таяу Шығыс елдерінен бір мыңнан астам отандасымыз елге звакуацияланды. Олардың арасында Маңғыстау облысының тұрғындары да бар.
Кеше Сауд Арабиясы мемлекетінен шыққан ұшақ түнгі 03:00 шамасында Ақтау әуежайына қонды. Борттағы 145 жолаушының үшеуі кәмелекетке толмаған бала.
Ақтау халықаралық әуежайына эвакуациялық борт Жидда қаласынан ұшып келді. Жолаушылардың кейбірі Қатардан автобус арқылы Эр-Ридяқа, одан әрі Жиддаға жеткізілген. Сол жерде Сауд Арабияның Доха қаласынан келгендермен бірге қазақстандық ұшаққа мінген. Таяу Шығыста болған отандастарымыз Президенттің тікелей тапсырмасына сәйкес жан-жақты қолдау көрсетілгеніне алғыс білдірді.
Меккеге сапарлап кеткен бір топ Қазақстан азаматы кешегі тәулікте Ақтау әуежайына дін-аман оралды. Эвакуациялық рейспен келгендердің арасынан мүгедектігі бар азаматтар мен 5 жасқа дейінгі балаларды байқадық. Айта кетсек, бұған дейін Дубайға сапарлап кеткен отандастарымыз Астана және Алматы бағытындағы әуе рейсімен кері оралып жатыр.
Бақыт Елубаев, турагенттік өкілі:
- 22 ақпан күні кеткен болатын. 3 наурыз келіп жатыр. 2 күн кешігіп келіп жатыр, бірақ Аллаға шүкір қызмет ұсынған компания барлығын өзі көтеріп, қажылардың жағдайын жасап, осылай келіп жатқан жайымыз бар. Халықаралық жағдайға байланысты екі күн іркіліп қалдық. Президентімізге рақмет! Аман-есен елге оралдық. Құдайға шүкір, бәріміз дін аманбыз.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Таяу Шығыста әлі де Қазақстанның 9 мыңға жуық азаматы жүр. Көпшілігі Қатар мен Сауд Арабия, Біріккен Араб Әмірліктерінде. Сондай-ақ Израиль мен Иранда жүзге тарта отандасымыздың бар екені айтылады. Қазақстаннан барған туристерді елге эвакуациялау бойынша арнайы үйлестіру штабы құрылып, бұл мемлекеттердегі елшіліктер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Ресми дерекке сүйенсек, қазір Қазақстанға 2 мың 151 отандасымыз оралды. Оларды эвакуациялау шаралары жергілікті уәкілетті органдармен үйлестіре отырып жалғасуда. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі эвакуациялық рейстерде бос орын болған жағдайда өзге ел азаматтарын да алып кету мүмкіндігін қарастыруға дайын екендігін мәлімдеп, жағдай тұрақталғанша Таяу Шығысқа барудан бас тартуға шақырып отыр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев
Тегтер #эвакуация #рейс #отандастар #Таяу Шығыс #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz