Қазіргі қоғамда бойдақтар көп. Білсеңіз, үйлі-баранды ер азамат отау құрмағандарға қарағанда 7 жылға дейін ұзақ өмір сүреді екен.
Біз емес, эндокринологтар осылай дейді. Мамандардың айтуынша, адам ағзасындағы эмоция арқылы бөлінетін Эндорфин гормоны отау құрған жастарда көбірек болады. Британ сарапшылары да осыны растап отыр.
Кеш үйленуді құптаушының бірі – Нұрхан Шаданов. Өз айтуынша, дәл қазір отбасы құрудан бұрын материалдық жағдайын реттеу маңызды. Себебі қазіргі заманның талабы – қаржылық тұрақтылық. Ол бірге дамып, қиындықты бірдей көтеретін қыз табу оңай емес дейді.
Нұрхан Шаданов, сүрбойдақ:
- Қыздардың көбі жұлдыздарға, блогерлерге қарайды. Кейін өз жігіттерінен де сондай өмірді талап етеді. Ал жігіттер оны бірден бере алмаған соң, карьера қуалап кетеді. Ұлдар да соған қарап, алдымен жағдайын жасап алуға тырысады.
Әлемде 2 млрд 100 млн адам жалғыз тұрады. Forbes журналы жүргізген сауалнамаға сәйкес, бойдақтардың 89 пайызы бір-бірімен сөйлесуге ұялады екен. Біздің елде де осындай кездесуден қашып, үйленуге асықпайтын азамат көп. 14 пен 29 жас аралығындағы басы бос жастар саны 4 млн 616 мыңнан асады. Оның ішінде 2 млн 337 мыңы – ер, 2 млн 279 мыңы – қыз. Ал жасы 25-тен асқан бойдақ саны 3 млн-ға жеткен.
Статистикаға сәйкес, ер азаматтар орта есеппен 27 жаста үйленеді, қыздар 25 жаста тұрмысқа шығады.Жалпы, үйленуге асықпайтын жастардың басым бөлігі Солтүстік Қазақстан облысында. Мұндағы азаматтар шамамен 29 жасында отау құрады. Ал ең ерте шаңырақ көтеретін өңір – Түркістан облысы, онда жастар орта есеппен 22 жасында үйленеді.
«Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды». Бірақ кейінгілер үшін некенің мәні өзгерек. Әлеуметтанушылардың айтуынша, бүгінгі жастар сезімнің ғана құлы емес, саналы шешім қабылдауға да бейім. Олар болашағын ойлап, өмір сүру сапасына мән береді. Сонымен қатар қазір өмір ұзақтығы артқан соң жеке дамуға уақыт бар деген түсінік қалыптасқан. Сосын отбасындағы серіктестік пен ортақ жауапкершілік маңызды. Мұны маман да құптайды.
Ақнұр Иманқұл, Әлеуметтанушы, отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының басшысы:
- Некедегі серіктестікті дәріптеуіміз керек, яғни ол міндеттерді тең бөлу, отбасыдағы саналы, салауатты қарым-қатынас, бала тәрбиесіне тең қатысу, бізде некенің кемшіліктерінен көрі артықшылықтары көп болу керек.
Кеңес заманында «бойдақ салығы» болған. Осыны қайта жандандыру керек дейтіндер де бар қазір. Бірақ мәселе көтерілгенмен аяғы сұйылып кетті.
Нұртай Сабильянов, Парламент Мәжілісінің депутаты:
- Бойдақ салығы ештеңе шешпейді. Ол керісінше жастарға үлкен салмақ болады. Біз жастарды қолдап, оларға жағдай жасауымыз керек. Жастарға «үйленген жоқ» не болмаса «тұрмыс құрған жоқ» деп салық салсақ, бұл үлкен қателік болады.
Ал психологтар, кеш үйленудің тағы бір себебі – өзге отбастарындағы кикілжің дейді. Яғни ұрыс-керісті көп көрген жас буынның көңілінде қорқыныш ұялайды... Бұдан бөлек өзіне сенімсіз жастар да көп.
Айгерім Қабылғалиева, ЕҰУ Психологиялық қолдау орталығының бас психологы:
- Біз идеалдылықты қууымыз мүмкін. Мысалы, бір жігіт қызына мынадай берген екен: «Менде сондай қалаймын» дегендей, сондай идеалды образды жетектеу арқылы сол шаблонға басқаларды кіргізе алмай жатамыз. Яғни идеалды тұрғыдағы қарым-қатынасты іздейміз.
Тақауда Кембридж университетінің ғалымдары ерлі-зайыптылар бойдақтарға қарағанда орта есеппен 2,5 жылдан 7,5 жылға дейін ұзақ өмір сүретінін анықтады. Яғни бірнеше онжылдық бойы жиналған демографиялық деректерді талдап, азаматтарды отбасылық жағдайына қарай топтарға бөліп, орташа жасын салыстырған. Ғалымдар үйленгендердің ұзақ өмір сүруін эмоционалдық қолдау мен өзара қамқорлықтың артуымен байланыстырады.
Қалай десек те, шаңырақ көтеру – әр адамның жеке таңдауы. Біреу ерте, біреу кеш үйленеді. Уақыт озған сайын талап та, талғам да өзгереді. Сондықтан мамандардың пікірінше, ең маңыздысы – қоғамның қысымы емес, адамның өз өміріне дайын болуы. Саналы шешім - берік отбасы қалыптастырады.
Авторлары: Асылжан Құрманғали, Қанат Махмутов, Айдос Амангелдиев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #отбасы #жастар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz