RU
Толық нұсқаға өту

Кинолог әйелдің қызметі

06.03.2026, 08:50 48

Павлодардың  жедел-құтқару жасағында әйел кинолог қызмет етеді. Ол өзі үйреткен итін ертіп,  қылмыс немесе апат болған жерлерге барады.

Жоғалған адамдарды іздеуге де қатысады. Галина Куценко 20 жылдан бері ит үйрететін кәсіби маман.  Қазір төтенше жағдайлар департаменті жанындағы кинология бөлімінің жетекшісі.  Жан-жануарларға деген сүйіпеншілігінің арқасында осы мамандықты таңдаған. Із кесуші, әрі құтқарушы әйел енді шәкірт тәрбиелесем дейді. 

Галина Куценко, облыстық ТЖД Кинология бөлімінің жетекшісі:

- Мен итті күшігінен баптағанды жақсы көремін.  Ит - адамның ең жақын досы әрі сенімді серігі. Ең бастысы оны дұрыс тәрбиелей білу керек. Менің ойымша, бұл салада ер адамның  немесе әйел адамның кәсібі - деген түсінік болмауы керек. Қоғамға  пайда әкелетін сүйікті іспен  айналысу мен үшін ең басты құндылық.

Галина із кесуші-құтқарушы иттердің көмегі зор дейді. Себебі олар техногендік апаттар мен табиғи зілзала  кезінде жұмыс істейді. Бір мысал,  Баянауыл тауларында жоғалып кеткен баланы ит іздеп тапты.  Мұндай оқиға өте көп. 

Жалпы еліміздегі кинология саласында қызмет атқаратындардың басым көбі әйелдер екен. Бұл жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін маңызды сала.

Мұхамедқанапия Әбдуәлиев, облыстық ТЖД Жедел құтқару жасағының бастығы:

- Егер республика көлеміндегі барлық кинологтарды алып қарайтын болсақ, олардың 70-80 пайызы әйел адамдар. Нәзік жандардың табиғи жаратылысының өзі тәрбиеге негізделген ғой. Олардың бұл саладағы нәтижелі жұмысы соған байланысты деп ойлаймын.

«Ғылым мен технология алға дамығанымен, кинологиялық қызметке сұраныс азаймайды», - дейді мамандар. Себебі иттің сезгіштік қабілетін ешқандай техника алмастыра алмайды. Нәзік жаратылысына қарамастан,  әйелдер ер адамдармен иық тіресе қызмет атқарып жүр.  Галина да солардың бірі.  Оның сенімді серігі әрі көмекшісі – Рада,  әрдайым күзетте. Кез келген күрделі сәтте  көмек көрсетуге асығады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz