Ақмола облысында мектеп жанындағы музейлерде 28 мыңнан астам құнды жәдігер сақтаулы.
Оның басым бөлігін оқушылар археологиялық қазба жұмыстары кезінде тапқан. Экспонаттардың арасында қола кезеңі мен тас дәуіріне тиесілі қыш ыдыстар мен соғыс қарулары бар.
Серік Ысқақов тарих сабағын осылай мектеп ішіндегі музейде өткізеді. Тың тәсіл оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы мен құлшынысын арттырады, - дейді ұстаз. Тіпті мұражай ішіндегі экспозицияны өз қаражатына жасатқан.
Серік Ысқақов, тарих пәнінің мұғалімі:
- Бұл жерде тиімділігі сабақты оқи отырып, бала қыш ыдыстардың немесе көне жәдіргерлердің қасында отырып көзбен көре алады. Яғни қола жәдігерлері жайлы айтқан кезде балалардың алдарына мысал ретінде көрсете аламын. Яғни бұл көрнекілік ретінде көрсетіледі.
Археологиялық музей жыл басында ашылған. Қазір мұнда 50-ге тарта жәдігер бар. Оның бәрін тарихшы қазба жұмыстары кезінде тапқан.
Серік Ысқақов, тарих пәнінің мұғалімі:
- Құнды жәдігерлер ол қоладан жасалған айбалталар. Яғни заманымен айтар болсақ, 4 мың бұрынғы жылғы жәдігерлер. Яғни мыс пен қалайының қосындысынан пайда болған. Сонымен қатар ер адамдардың қанжарлары табылғанын айтып кетуге болады.
Білім ордасында музейден бөлек, жас археологтар клубы құрылған. Қазір оған жиырмаға жуық бала тіркеліпті. Олар алдағы уақытта археологиялы қазба жұмысына қатысуды көздейді.
Әлидар Қадырәлі, оқушы:
- Ағаймен бірге археологиялық экспедицияға қатысқым келеді. Себебі,маған Қазақстан тарихы өте қызық. Осы сабақта өзіміздің ата-бабамыздың даму кезеңін түсінеміз.
Қазір өңірдегі білім ұйымдарында 158 музей бар. Оның 120-сы өлкетану бағытында жұмыс істейді. Тарихқа бет бұрған балғындарды ынталандыру мақсатында жыл сайын түрлі шаралар ұйымдастырылады.
Гүлмира Тәшімова, Білім басқармасы жанындағы орталық директорының орынбасары:
- Оқушылар мен студенттер арасында жас тарихшылар, өлкетанушылар форумы өтеді. Сонымен қатар облыстық мұражайлар байқауы, археологиялық қазба жұмыстары, экосаяхат, туризм және қауіпсіздік іс-шаралары өткізіледі. Аталған іс-шаралар барысында өз көзқарастарын, идеяларын, ұсынымдарын жоғары дәрежеде көрсете алады.
Сала мамандары осындай музейлердің көбейіп жатқанын айтады. Мысалы биылдың өзінде мектеп жанынан 3 мұражай ашылды. Дегенмен оларға мемлекеттен қолдау көрсетілмейді. Сол себепті оқушылар арнайы ұйымдастырылатын экпедицияларда жәдігер тауып, музей қорын өздері толықтыруға мәжбүр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #ұстаз #мектеп #музейPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz