RU
Толық нұсқаға өту

Түркияда табысқа жеткен қазақ әйелдері

07.03.2026, 15:27 34

­Түркияда білім алып, түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген қазақ қыз-келіншектері аз емес. Олар бәсекеге толы ортада кәсіби шеберлігімен ел мерейін арттырып, ұлттық құндылықты барынша дәріптеп жүр. 

Жат жерде жүрсе де, өз саласының үздіктері. 

Гүлжанат Құрманғалиева – еліміз егемендік алған алғашқы жылдары Түркияға білім іздеп келгендердің бірі. Анкарада алдымен түрік тілін үйреніп, кейін ағылшын тілін толық меңгерді. Осылайша, оның академиялық еңбек жолы өзі білім алған университет қабырғасында басталып, үлкен ғылымға ұласты. Бүгінде ғалым Түркияда қазақ тарихын, Алаш зиялыларының мұрасын танытып жүр. Айтуынша, тіл білу ғылымда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Соның арқасында ол Корея, Жапония, Италия, АҚШ, Англия, Үндістан мен Швецияның үздік оқу орындарында дәріс оқыған. 

Гүлжанат Құрманғалиева, тарихшы, профессор:

- Ауылдық мектепті бітіріп шықсам да, мен ауылдың мектебінің ешқандай олқылығын көрген жоқпын. Білім берген ұстаздарымыздың еңбегінің де нәтижесі шығар, осындай үлкен халықаралық аренада десе болады, халықаралық университеттерде үлкен рейтингке ие алдыңғы қатарлы университеттерде әрі сабақ беріп те көрдім, жұмыс істеп те көрдім. Алайда білімнің негізін, түбін мен Қазақстанда алдым. Сол себепті де мен Қазақстанда алған еңбегімді өтеу үшін өзімнің ғылыми жолымда Қазақстан тарихын зерттеуге барымды салып, жатырмын.

Әйгерім Сәбиттің де Анкараға келуі кездейсоқ емес. Білім қуған жастың кәсіби тұрғыда мансап жолы да осы жерде қалыптасқан. Заң ғылымы бойынша Анкарада магистр дәрежесін алып, қазір докторантурада білімін жалғастырып жүр. Ғылым мен тәжірибені қатар алып жүрген Әйгерімнің айтуынша, оған шет жерде жүрген отандастарымыз жиі құқықтық көмек сұрап келеді. Осы уақытқа дейін 500-ден астам адамға кеңес беріп, бірқатар сот ісінің оң шешімін табуына ықпал еткен.

Әйгерім Сәбит, заңгер:

-  Қазақстанға қызмет етпесем де, бірақ осында Түркияда болған қазақ азаматтарына, Қазақстаннан келген бизнес инвесторларға қызмет етіп, сол кісілер арқылы Қазақстанға қызмет етіп отырмыз деп ойлаймын. Мәселен, мен Қазақстанда грантта оқыдым. Қазақстан мемлекеті менің оқуымды қолдады. Стипендия берді. Сонымен қатар өзімнің кәсіби жолымды таңдауыма үлес қосты. Сол себепті мен де өзімнің қолымнан келгенше азаматтарымызға көмектесуге тырысамын. Одан бөлек, біз Қазақ мәдениет ассоциациясымен бірге көптеген іс-шара ұйымдастырамыз. Қазақстанды танытуға тырысамыз.

Әйгерім шет жерде жүрсе де, ұлтымыздың қасиетті құндылығын бір сәт жадынан шығарған емес. Отбасында да қазақтың дәстүрін дәріптеп, салтымызды ұстанады.

Әйгерім Сәбит, заңгер:

- Қазақстан мен Түркия бір түптен келсе де, мәдениет жағынан ұқсастық пен айырмашылықтары да бар. Сол себепті бастан отбасыны түсіну, осы жердің мәдениетіне үйренісу, менің өзімнің мәдениетімнен осында не алып келе аламын, соған қарай ойлар болды.

Жат жерде жүрсе де, ұлттық құндылығын жадынан шығармаған қазақ қыздарының кәсіби жетістігі көпке үлгі. Бірі ғылым арқылы қазақ тарихын әлемге танытса, енді бірі заң саласында отандастарына қолдау көрсетеді. Олар білімі мен еңбегі арқылы Түркияда қазақтың атын асқақтатып жүр.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Ж. Сүйіндіков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz