Өскеменде көпқабатты 36 үй апатты жағдайда тұр. 80-жылдары салынған баспаналар күрделі жөндеуді қажет етеді.
Қаладағы Аблакетка ауданының тұрғындары әкімдіктен көмекке мұқтаж. Ғимараттың іргетасы мен тіректері қисайып кеткен. Тұрғындар үй қирап кете ме деп қауіптеніп отыр.
Аблакетка ауданындағы бұл бесқабатты үй құлағалы тұр. Тұрғындар бір күнде баспанасыз қаламыз ба деп қауіптеніп, екі жыл бойы әкімдікке өтініш жолдап келеді. Андрей Балдаков техникалық сараптама жүргізіп, баспананы жөндеуді талап етеді.
Андрей Балдаков, қала тұрғыны:
- Мен төрт әкімге өтініш білдірдім. Соңғы рет үш жыл бұрын жиналыста бұл мәселені көтеріп, бейнематериалдар көрсеттім. Бақылауға аламыз дегенімен ешқандай нәтиже болмады.
Қазір үйдің маңына ескерту белгілері қойылған. Іргетастың астымен қаланың бірнеше ауданына тартылған су құбырлары өтеді. Егер үй құласа, коммуналдық апат болуы ықтимал. Десе де жергілікті билік мұндай жағдайға жол берілмейді деп сендірді. Қала басшылығы тұрғындармен кездесіп, тексеру жүргізбек.
Алмат Ақышов, қала әкімі:
- Біз бұл мәселеге жүйелі түрде қараймыз. Әуелі үйдің тіректерін тексеруге қаржы бөлдік. Іргетастың қаншалықты терең орналасқаны және оның беріктігі нақты сараптама арқылы анықталады. Зерттеу қорытындысына сәйкес алдағы уақытта қандай жұмыс атқарылатыны белгілі болады.
Үйдің жағдайы жақын арада зерттеледі. Дегенмен қалада ресми түрде апатты деп танылған тағы 36 үй бар. Қоғам белсендісі Денис Данилевский бұл мәселені жиырма жыл бойы көтеріп келеді. Ол 2000-жылдардың басында қалалық мәслихат депутаты болғанда тұрғын үй қорын жаңарту жобасын ұсынған.
Денис Данилевский, қоғам белсендісі:
- Біз ескі және апатты мемлекеттік тұрғын үйлерден адамдарды көшіру мәселесін үнемі көтеріп келдік. Жеке меншік емес, мемлекеттік үйлер туралы айтып отырмын. Өскеменде 38 үй ресми апатты деп танылған және олардың бәрі мемлекет меншігінде.
Республика бойынша 70-жылдары салынған екі жарым миллионнан астам көпқабатты және жеке тұрғын үй бар. Мұндай ғимараттардың көбі кешенді тексеруді қажет етеді. Өскеменде 2029 жылға дейін апатты үйлердің тұрғындарын көшіру жоспарланған. Олар үшін бюджет қаражаты есебінен жаңа баспана сатып алынады.
Авторлары: Вячеслав Ветлугин мен Дмитрий Пыхтин
Тегтер #Өскемен #апатты жағдай #баспанаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz