Елдегі ең қарт тұрғын ұлытаулық Түймегүл Темірбаева 116-шы көктемін қарсы алды. Кейуана әлі де ширақ.
Ол көп жасаудың сырын адал еңбек және жақсы ниетпен байланыстырады. Өмір бойы ауыр жұмыстың ортасында жүрген ол қазір де бос отырмайды. Құрт жайып, үй тірлігіне араласып тұрады.
Әркімнің пешенесіне жазыла бермейтін әдемі қартаю бақыты Түймегүл апаға бұйырған. Ол жұбайы Аязбай Темірбаев екеуі өмір бойы жылқы баққан. Дегенмен мал соңындағы қара жұмыстан қажымаған. Аязбай ақсақал ғасырға жуық жасап, 95 жасында дүниеден өткен. Ал жақында 116 жасқа толған Түймегүл әже көзәйнексіз ине сабақтап, іс тігеді. Қимылы да ширақ.
Түймегүл Темірбаева, Қазақстандағы ең қарт адам:
- 100-ден асып бара жатырмын. Өлмей келе жатырмын. Балаларым аман болсын. Балалардың алдында кетсем деп жүрмін.
Түймегүл әженің балалары «Осы күнге шейін ол кісінің «Ауырдым» дегенін естімедік» дейді. Ес білгеннен еңбекпен өскен жан қазір де қартайдым деп қарап отырған жоқ. Немерелердің қарсылығына қарамай, үйдің тірлігіне де араласады.
Раушан Темірбаева, Т. Темірбаеваның келіні:
- Анда-санда далаға шығып келеді. Көбінесе үйде жүреді. Биыл солай болды. Оған дейін барлық шаруаға жарап тұрған. Сырттың шаруасына, іштің шаруасына. Қанша дегенмен жасы келді ғой. Теледидар көріп отырады. Бізге тамақ істеп қояды.
Түймегүл Темірбаева қаңтар айында 116 жасқа толды. Оның елдегі ең қарт тұрғын екенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі растаған. Кейуана бүгінде Қызылжар кентінде кенже ұлының қолында тұрады. Бауырынан өрген 4 баладан 15 немере, 25 шөбере сүйген.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #түймегүл темірбаева #Ұлытау облысы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz