RU
Толық нұсқаға өту

Арнайы жасақ. Жауынгер арулар

08.03.2026, 11:47 43

Қауіпті тапсырмалар, ұзақ іссапарлар мен үздіксіз жаттығулар Өскемендегі арнайы жасақта қызмет ететін арулардың өмір салтына айналған.

Олар жеті жылдан бері ерлермен бірге арнайы бөлімде иық тіресе жұмыс істеп келеді. Жекпе жек тәсілдері мен қару қолданудың қыр-сырын меңгерген арулар жігіттерден кем емес. 

Тұмар ханшадан қалған жауынгерлікті жалғастырып жүрген Ақерке мен Наргиз, Виктория мен Томирис әйелдердің де кез келген қиындықты еңсере алатынын дәлелдеп жүр. Қарсыласын алып ұратын арулар табандылығы жағынан да ерлерден кем түспейді. Мысалы, Томирис каратэден Әлем чемпионатының жүлдегері. 

Томирис, Өскемен қаласы жедел әрекет ету арнайы жасағының жауынгері:

- Әйел адам болсақ та ерлермен қатар қызмет атқарамыз осы жасақта. Кішкентай кезімнен бастап мен негізі спортпен айналысамын екі түрінен. Киокушинкай Каратэмен және кикбоксингтан Қазақстан Республикасының жүлдегерімін. Әлем чемпионатының қола жүлдегерімін. 

Арнайы жасақтағы әйелдер жеті жылдан бері қиындығы мен қызығы мол күн тәртібіне әбден дағдыланған. Барлығы шетінен мықты. Виктория – кикбоксингтен елдің үш дүркін чемпионы атанған.

- Арнайы жасақ жауынгері үшін әрдайым дайындықта болып, кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіру маңызды. Қазір міне жауынгерлер қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін пысықтап жатыр. 

Жауынгер арулар күн сайын өмірін қатерге тігеді. Қауіпсіздік мақсатында бет-жүзін осылай жасырады. Тіпті олардың тегі де құпия. Жұмыстың тығыздығына қарамастан  жақындарына үнемі уақыт табады, көңіл бөледі.

Виктория, Өскемен қаласы жедел әрекет ету арнайы жасағының жауынгері:

- Отбасымда балаларға «Дені саудың жаны сау» деген нақыл сөздің мәнін терең түсіндіріп отырамын. Екі баланың анасы ретінде олардың да спортқа деген сүйіспеншілігін оятып, үнемі шынығудың маңызды екенін айтамын.  

Үлгілі полицейлер отбасы 

Ерлі-зайыпты Ирина мен Виктор Поездник көпке үлгі. Осы салада дайындық курстарында танысып, шаңырақ көтерген жұбайлар қазір қызмет барысында да бір-бірінен ажырамай келеді.

Виктор Поездник, Өскемен қаласы патрульдік полиция батальонының инспекторы:

- Бізді табыстырған осы қызмет. Өскеменге келіп, жұмыс барысында таныстық. Сөзіміз жарасып, шаңырақ көтердік. 

Ирина Поездник, Өскемен қаласы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы:

- Бір-бірімізді түсініп, ортақ тапсырмаларды мүлтіксіз орындауға бар күшімізді саламыз. Шынында қызметіміз бізді жақындастырды.

Құқық қорғау саласында әйелдердің парасаттылығы мен байыптылығы маңызды. Тіпті ең күрделі тапсырмаларды жауынгер арулар жауапкершілікпен орындайды. 

Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz