RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстандық альпинист әйел - есімін тарихқа жазған спортшы

08.03.2026, 13:00 255

Қазақстандық альпинист Анар Борашева есімін тарихқа жазып үлгерген спортшылардың бірі.

Ол барлық құрлықтағы ең биік шыңдарды бағындырған Орталық Азиядағы алғашқы әйел. Енді оның басты мақсаты – жаңа әлемдік бағдарламаны, соның ішінде әлемдегі ең биік он төрт тауды бағындыру. Арманына жету үшін қалада да, тауда да үзбей жаттығып жүр. 

Трекинг сағаты, артық қолғап, бойдағы су мен тұздың тепе-теңдігін сақтауға қажет изотоник және жеңіл ас. Осындай жиынтықты Анар қарапайым жаттығудың өзіне де алып шығады. Бүгін үш сағаттық тау жорығы. Мұндай жаттығуды ол аптасына кемінде үш рет жасайды.

Анар Борашева, альпинист:

– Бұл жүгіруге арналған сағат, мен оны әрдайым жүріп өткен жолды есептеу үшін қолданамын. Бұдан бөлек оны қандай да бір қауіпті жағдайларда пайдалануға болады. Тұман болған кезде кері қайту үшін көмектеседі. Мұнда SOS сигналын да жіберуге болады. Яғни меніңше, бұл сағаттар тауға шығатындардың барлығы үшін өте қажет.

Ауа райы кез келген сәтте өзгеруі мүмкін. Медеуден жаяулата отырып Шымбұлаққа дейін барады. Одан әрі көтерілу қауіпті. Қар көшуі мүмкін. Бірақ осының өзі ағзаны биіктікке бейімдеуге көмектеседі. Бұл тәжірибелі спортшы үшін үйреншікті жол.

Айта кетейік, Анар Эверестке шыққан алғашқы этникалық қазақ әйел.

Анар Борашева, альпинист:

– Эверестке шыққаннан кейін менің өмірім қатты өзгерді – маған көп көңіл бөліне бастады және белгілі бір әлеуметтік жауапкершілік пайда болды. Менің идеям – әрқашан жас ұрпақты, әсіресе қыздарды, өздері қалаған іспен айналысуға, батыл мақсаттар қоюға шабыттандыру.

Альпинист «Жеті шың» бағдарламасын орындады. Бұл бағдарлама барлық құрлықтағы ең биік шыңдарды қамтиды: Аконкагуа, Денали, Килиманджаро, Эльбрус, Карстенз пирамидасы және Антарктикадағы Винсон массиві. Алайда Анардың осы жетістігімен тоқтайтын ойы жоқ, қазірдің өзінде басқа шыңдарды бағындыруды жоспарлап отыр.

Анар Борашева, альпинист:

– Жалпы тағы бір бағдарлама бар, ол «14 сегіз мыңдық» деп аталады. Оны «Жер тәжі» деп те атайды. Мен қазір біздің белгілі альпинистеріміздің жолын жалғастырып, осы бағдарламаны толық орындағым келеді.

Алматы таулары – дайындықтың бір бөлігі ғана. Қалада альпинист күн сайын жүгіріп, спортзалда жаттығады. Достарының айтуынша, Анардың барлық жетістігінің артында – көп жылдық жаттығу мен темірдей тәртіп жатыр.

Әнуар Құдайбергенов, Анар Борашеваның досы:

– Ол өте ашық адам, бірақ сонымен бірге өте сезімтал. Мақсаты анық әрі еңбекқор адам. Ауа райы қандай болса да, онымен бірге жүгіретін адам бар ма, жоқ па – бәрібір. Егер жоспары болса, ол міндетті түрде соны орындайды.

Әлемдегі барлық 14 сегіз мыңдық шыңды бағындыру альпинизмдегі ең жоғары жетістіктердің бірі. Бүгінге дейін бұл межені әлем бойынша жүзге жуық альпинист қана еңсерген. Мұндай мақсатқа жету үшін мықты физикалық дайындықпен қатар, қомақты қаржылай шығын да қажет. Анардың айтуынша, осы үлкен арманына жету жолындағы алғашқы экспедициялары наурыз айының соңында басталуы мүмкін. 

Ернұр Рысбай, Сержан Жумабаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz