Еліміздің үздік криминалист-сарапшысы Ақтөбеде қызмет етеді. Әзиза Қожабаева Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған кәсіби сайыста бас жүлде алды.
Біліктілер байқауында үздік атанған полиция капитаны тәжірибелі тәртіп сақшыларын басып озды.
Көпқабатты үйдің ауласында тұрған автокөлікке ұры түсіп, ішіндегі қомақты ақшаны қолды қылған. Оқиға орнына жеткен криминалисттер із кесуге кірісті. Полицейлер саусақ бедерінен бастап бір тал шашы, аяқ киімінің ізіне дейін анықтап, тиісті базаға енгізуі тиіс.
Әзиза Қожабаева Ішкі істер саласында жеті жылдан бері еңбек етеді. Бала күнгі арманы жүзеге асқан. Қазір заманауи технологиялардың көмегімен күдіктілерді анықтап, ізін суытқан қылмыскерлердің фотосуретін жасайды. Полиция капитаны криминалистикалық дактилоскопия, ізтану, қару-жарақ баллистикасы сияқты сараптаманың жеті түрін игерген.
Әзиза Қожабаева, облыстық ПД криминалисі:
- 2023 жылы үйлердің кіреберістерінде ұрлық көбейді. Әсіресе велосипед ұрлау, пәтер тонау сияқты деректер күнде тіркеліп жатты. Бейнебақылау камераларынан тек сұлбасы ғана көрінеді. Бетін тұмшалап алған адамды тану мүмкін болмады. Сол кезде 45 градус ыстықта, 11-қабаттан 1-қабатқа дейін баспалдақтың таянышынан саусақ бедерлерін түсіруге тура келді. 4-қабатқа жеткенде бұрын істі болған қылмыскердің ізін таптым. Нәтижесінде 35-тен астам қылмыс ашылды.
Қылмыс орнына бірінші жететін сарапшы-криминалистің қызметін кез келген адам атқара алмайды. Себебі сезімге берілмей салқынқандылықпен жұмыс істеу керек. Бұл істі қазір облыстық жедел криминалистикалық басқарманың тоғыз маманы атқарады. Олардың екеуі – әйел адам.
Эрих Тұрғанбаев, облыстық ПД жедел криминалистикалық басқармасының аға криминалисі:
- Әрине әйел адамға Ішкі істер саласындағы қандай да бір жұмыстар өте ауыр. Қылмыстарды анықтау барысында әртүрлі жағдайлар кездеседі. Осы ауырлыққа қарамастан Әзиза Болатқызы сауатты маман ретінде өжеттілігін, күш-қайратын осы Ішкі істер саласына арнап, міне, осындай жетістіктерге жетіп келеміз.
Маман біліктілігін республикалық деңгейде дәлелдеді. Қарағандыда өткен республикалық байқауда Әзиза Қожабаева жүзден жүйрік шықты. Полиция капитаны сарапшы-криминалистер сайысында жиған тәжірибесін қоғам қауіпсіздігін қамтамассыз етуге қолданбақ.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов
Тегтер #криминалист #сарапшы #ІІМ #байқауPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz