RU
Толық нұсқаға өту

Суперкомпьютер ауа райын болжайды

09.03.2026, 09:45 105

«Қазгидромет» Қазақстан бойынша нақты уақыттағы ауа райы картасын іске қосты. Бұл картада әр аумақтың күн райы егжей-тегжейлі көрсетіледі.

Жобаны синоптиктер мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары бірігіп жүзеге асырды. Мәліметтерді университетте орналасқан Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер есептейді.

Қазір ауа райын болжау үшін тек метеорологиялық станциялардан алынған мәліметтер жеткіліксіз. Үлкен есептеуіш жүйелердің нәтижелері қажет, - дейді мамандар. Суперкомпьютерге қосылған WRF атмосфералық моделі сағат сайын жоғары дәлдікпен ауа райы болжамын ұсынады. Жүйе Қазақстанның бүкіл аумағын қамтиды. Картаның әрбір ұяшығында ауа температурасы, жауын-шашын, желдің жылдамдығы мен бағыты көрсетіледі.

Дәулет Кисибаев,  «Қазгидромет» РМҚ Метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы:

- Суперкомпьютерді пайдалану арқылы картаның торын 2 шақырымға дейін кішірейтуге мүмкіндік туды. Бұл болжамдардың дәлдігін арттырады, сонымен қатар локализацияны жақсартады. Яғни кейбір жергілікті табиғи құбылыстарды бұрынғыдан да нақтырақ көрсетуге болады.

Жаңа жүйе әсіресе Алматының таулы аймақтары мен елдің оңтүстік-шығысы үшін пайдалы, өйткені қауіпті табиғи құбылыстар туралы ерте ескерту жасауға мүмкіндік береді. Пайдаланушылар ауа райын тез бағалай алу үшін картада түрлі-түсті шкала қарастырылған. Болжамды «Қазгидромет» сайтынан көруге болады.

Әмірхан Темірбаев, Farabi Supercomputer center директоры:

- Бүгінгі таңда суперкомпьютердің мыңнан аса процессорлары WRF моделін, жұмыс жасауын қамтамасыз етіп отыр. Суперкомпьютердің негізгі мүмкіндігі өте орасан зор. Сондықтан біз кез келген үлкен мәліметтер бар жерде суперкомпьютерді пайдалану арқылы кез келген салада болжамдық предиктивті жүйелерді жасауға мүмкіндігіміз бар.

Суперкопьютерді басқа салаларда да кеңінен қолдануға болады. Қазір оның көмегімен қала әкімдігі, прокуратура мәліметтері негізінде қала қауіпсіздігіне бағытталған пилоттық жобалар қолға алынуда.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев, Эдуард Кон

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz