Түркістанда қылқаламды тісімен ұстап, сурет салатын ерекше қыз бар. 16 жастағы Русалина Құрманованың қол-аяғы туғаннан икемге келмейді.
Бірақ соған қарамастан бойжеткен табиғаттың әсем көріністерін салғанды ұнатады. Қазір ол «Шұғыла» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында тәрбиеленіп жатыр. Мұнда 4 жасында келген. Бірнеше республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы.
Әлемде миллиондаған қылқалам бар. Бірақ мына қылқаламның жүгі де, жолы да ауыр. Ол саусақтардың ұшымен емес, ерік-жігердің күшімен қозғалады. Павлодарда дүниеге келіп, тағдырдың жазуымен Түркістанға тұрақтаған Русалинаның өмірі ақ қағазға түскен алғашқы бояу секілді. 4 жасында ата-ана қамқорлығынсыз қалған ол әлемді сүр түсте көруден бас тартқан.
Русалина Құрманова, жас суретші:
- Арманым танымал суретші болғым келеді. Көбінесе табиғатты салғанды ұнатамын. Себебі табиғат шексіз. Ішкі айтқым келгеннің бәрін осы суретпен жеткізгім келеді. Табиғат - ашық, әдемі, кеңдеу. Сурет мен үшін шексіздік. Келешекте суретші болғым келеді. Салған суреттерімді көрмеге ілгім келеді. Салған суреттерімді халыққа жеткізгім келеді.
Ол үшін кенеп - шекарсы жоқ әлем. Алты жасында тісіне алғаш рет қылқалам іліккенде Русалина болашақта суретші болатынын сезді. Бүгінде оның қоржынында «Сен талатанттысың» байқауының бас жүлдесі, «Тау фест» жобасының марапаты мен түрлі облыстық, республикалық байқаулардың медальдары бар. Бірақ оның ең үлкен жеңісі - медициналық диогноздарды өнерімен өшіріп, жарқын болашаққа деген сенімі.
Русалина тек суретші емес, ол - үздік оқушы. Әдебиет әлеміне ғашық, кітапқұмар және әуезді әнші. Ішіндегі мұңды әнмен емес, бояумен жеткізеді. Оның әрбір туындысы үнсіз айтылған монолог іспетті.
Жанар Тәженова, әдіскер:
- Бұл қыздың өзінің жүрегі нәзік, өзінің әлемі бар. Өте мейірімді. Бізге айта алмаған сырлары, өзінің жүрегіндегі тебірентетін ойлары ақ қағаздың бетіне түрлі бояулармен әртүрлі суреттер болып түседі. Жақсы көрген дүниелерінің бәрін суреттің бетіне түсіреді. Балалармен қарым-қатынасты да жақсы жасайды. Көбінде бұның жүрегі, тілі емес, суреттері сөйлейді.
«Шұғыла» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы Русалина үшін жәй ғана мекеме емес, шығармашылық шеберхана. Мұнда ол табиғаттың әрбір сәтіне таңырқап, ақ қағазға жан бітіреді. Өмірді өнерімен сөйлетеді. Ал орталық мамандары үшін бұл жәй ғана терапия емес, баланы қоғамға, өмірге бейімдейтін рухани көпір.
Ләззат Есназарова, орталық директоры:
- Балаларымыз үйірмелерге қатысады. Мұнда негізінен балаларымыз түрлі-түсті бояуларды пайдаланып сурет салады. Біз табиғат аясына шығып, сурет салғанды ұнатамыз. Мальверттерімізді алып, балаларымыз мәз-мейрам болып, табиғат аясында сурет салғанды жақсы көреді. Сондай-ақ бұндағы балалардың сенсорикалық дағдылары қалыптасуына үлкен септігін тигізеді.
Русалинаның арманы асқақ. Ол болашақта әлемдік көрмелерге қатысып, адамдарға мейірімнің түсін көрсеткісі келеді. Оның суреттерінде қара түс жоқ. Өйкені ол әлемге ғашық. Өзіне бақыт сыйламаған тағдырға өз суреттерімен бақыт сыйлағысы келеді. Себебі нағыз өнер үшін қолдың болуы шарт емес, жүректің соғысы жеткілікті.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Түркістан #суретші #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz