Түркістандағы Ұлттық ұлан сапында "сегіз қырлы, бір сырлы" өнерлі сарбаздар әскери борышын өтеп жүр.
Олар әскери қызметпен қатар, бойындағы өнерлерін де шыңдап келеді. "Он саусағынан өнер тамған" суретші, әнші, домбырашы, гитара мен барабанда ойнайтын жігіттердің бәрі бір бөлімге жиналған. Тіпті араларында бір өзі сегіз түрлі аспапта еркін ойнайтын сарбаз да бар. Қазір жауынгерлер әйелдер мерекесіне қызу дайындық үстінде.
Қылқаламды жанына серік еткен Аллажар үшін сурет – жүректің үні. Әскерде жүрсе де бала күнгі әдетінен айнымаған. Сурет салу - ол үшін хобби. Қазір әскери бөлімнің қабырғасына ұлт зиялыларының кескінін салып, қаруластарының танымын кеңейтіп жүр. Қолы қалт еткенде қасындағы қарулас-достарына сүйіктілерінің де суретін қағазға салып береді. Осылайша әскердегі сағынышын суретпен басады.
Аллажар Қорғанов, сарбаз:
- Әскерде жүріп, жалғыз қабырғаға емес, ротада балаларда бар, менің анамды салып бер, менің қызымды салып бер дейтіндер өте көп негізі. Осы қабырғамен санағанда оншақты сурет салдым. Бір күні музейде менің атым шығатындай авторлық суретші болуға талпынып жүрмін. Сол менің басты мақсатым.
Әскери бөлімде Алажардан өзге де өнерлі сарбаздар өте көп. Олар қазір 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай, әскерде қызмет ететін қыз-келіншектерді құттықтау үшін концерттік бағдарлама дайындап жатыр.
Қатардағы жауынгер Рамзат Азизұлы әскерге елордадан келген. Музыкалық білімі бар. Өнерлі әулеттен шыққан сарбаз әуелетіп, ән салғанды ұнатады. Әскери кештердің көркін қыздырып қана қоймай, музыкаға ынтасы бар сарбаздарды маңына топтастырған. Бір өзі сегіз түрлі аспапта еркін ойнайды.
Рамзат Әзизұлы, сарбаз:
- Домбыра, шертер, гитара, кахон, барабан, дарбука, пионинада ойнаймын. Кітапханада, клубта дайындалып, концерттерге номерлер құрамыз.
- Қоңыраулатқан аспанды, найзағай шаншып өткенде. есіңе мені алғайсың!
Түркістанда бір жыл бұрын ашылған 5574 әскери бөлімінде қазір 200-ден астам сарбаз әскери борышын өтеп жүр. Әскери бөлім басшылары жеке оркестр құрып, талантты сарбаздарды келісімшартпен жұмысқа алып қалуды көздеп отырғанын айтады.
Нұрлан Бекенов, бөлім командирінің орынбасары:
- Штат берсе әскери қызметшілердің арасында өздерінің әскери тобын құрамыз. Ұсыныс жасаймыз, қал дейміз, ондай сарбаздарды жібермеуге тырысамыз. Енді барлығын ұстап қала алмаймыз, өздерінің жоспарлары бар. Бірақ алып қалуға әрекет етеміз.
Сол оркестр құрамына қосылуға ұсыныс алғандардың бірі Сыр елінің тумасы Әрсен Қанатұлы. Ол бұған дейін той-думандарда өнер көрсеткен. Алдағы уақытта ұсынысты қабыл алуы да мүмкін екенін айтады.
Әрсен Қанатұлы, сарбаз:
- Жалпы әскерде де ұсыныс түсіп жатыр. келімшартпен әскерде қал деп. Осы өнеріңді әскерде жалғастыр деген де ұсыныстар түсіп жатыр. ол ұсынстарды да қарап жатырмын өзім. Әлі үйге қайтуыма 140 күнім бар. Осы аралықта бір жауабы шығады.
Әскер тек қатаң тәртіп емес, бұл жігітті шыңдайтын, өнерін ұштайтын орта. Мұны Түркістандағы Ұлттық Ұлан сарбаздарының ұйымшылдығынан көруге болады.
- Алға, алға! Алға қазақ жігіттер!
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #Ұлттық ұлан #сарбаз #әскери борыш #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz