RU
Толық нұсқаға өту

Қостанай облысында екі ауылға ауызсу жетті

10.03.2026, 07:53 83

Қарасу ауылында ұзақ жылдарға созылған су құбырының құрылысы аяқталды. Орталықтандырылған желі қазір барлық көшеге барып тұр.

Алайда жаңа құбыр жүйесінде ақау шығып, тұрғындар қыста сусыз қалатын кездер де бар. Жауапты мамандар мұның барлығын алдағы екі-үш айда реттейміз деп отыр. 

Мағауия Қалиев, тілші:

- Бес мыңнан астам халқы бар аудан орталығы Қарасу ауылында әлімсақтан орталықтандырылған су жүйесі болған емес. 15 жылға созылған құбыр құрылысы былтыр аяқталып, желтоқсан айында ауылға орталықтандырылған су жүйесі тартылған еді. Алайда ауызсу берілісі аракідік тоқтап қалады. 

Қарасудың байырғы тұрғыны Сабыржан Игісенов екі-үш айдан бері ауызсуды орталық құбыр өтетін үйінің жанындағы құдықтан алып жүр. Бұрынғыдай алыстан тасымайды, соған да риза. Жаз шыға суды үйге кіргізіп аламын дейді. Жерасты құбырын өткізіп, жуынатын бөлмесін дайындап қойған.

Сабыржан Игісенов, Қарасу ауылының тұрғыны:

- Бәрі келіп тұр, жуынатын бөлмені дайындап қойдым міне, су келсе, істеп тастаймын. Жақсы болады, енді даладан әкелмеймін. Үйдің ішінде бәрі болады. 

Жалпы Қарасу мен Восток ауылын қамтитын су құбыры құрылысының түйткілі көп болды. Алғашқы мердігер бастаған ісін аяқсыз қалдырып кеткен. Былтыр құрылыс жұмыстарын қайта жандандырған компания олардың  жіберген кем-кетігін қайтадан дұрыстауға мәжбүр болған.

Елубай Мұхаметжанов, мердігер компанияның учаске басшысы:

- Су құбырын салғанына бәленбай жыл болған және тұрған нәрселердің көбі өздеріңіз білесіздер, кебе бастаған. Сондықтан кейбір жерлерінің болттары тартылмаған, жылжығыштарды дұрыс салмайды. Соларды бәрін қайтадан қазып, астын шығарып, жаңадан бәрін жалғастырып, суды құбырға жіберіп, соның бәрін тексеріп, қалпына келді. 99 пайыз дайын деп айтуға болады. 

Қарасу, Восток ауылдарына дейін тартылған магистраль және ішкі құбырдың ұзындығы 71 шақырым. Оған қоса сорғы станциясы, су қоймалары салынды. Жобаның жалпы құны 2,5 миллиард теңге. 

Ирина Григоренко, Қарасу аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы:

- Қазір барлық құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды десе болады. Абоненттік учаскелердің шекарасына дейін тартылатын шамамен 2,5 мың метр құбыр желісі қалды. Жоба толық іске асқанда қос ауылда 1  390 абонент орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады. 

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, бүгінде өңірдегі ауыл тұрғындары 100 процент сапалы ауызсумен қамтылған. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін былтыр сумен жабдықтау нысандарын салып, жөндеуге 30 миллиардтан астам теңге бөлінген. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz