RU
Толық нұсқаға өту

Шымкентте 80 мың мал басы есептен шығарылды

10.03.2026, 08:21 93

Шымкентте ауыл шаруашылығы жануарларына жүргізілген санақтан соң 80 мың мал басы есептен шығарылды. 

Сала мамандарының айтуынша, статистикалық мәліметтер біріңғай базадағы соңғы деректермен нақтыланған. Осыдан кейін цифрлық жүйе жетілдіріліп, ветеринарлық анықтамалар мен вакциналау жұмыстары онлайн форматқа көшірілді. Түркістан облысында жайылымдық жер де ұлғайып келеді. 

Қала іргесіндегі бұл қожалықта 800 бас ірі қара бордақыланып жатыр. Жылына 200 тонна ет өндіріліп, ел нарығына шығарылады. Кәсіпкер өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беру үшін шаруашылықты цифрландыру жүйесіне көшірді. Қазір малдың күтімі мен ветеринарлық емі туралы мәліметтер біріңғай деректер қорына жүктеліп отырады. 

Дастан Қорғанов, бордақылау кешенінің меңгерушісі:

- Менің қолымда сканер құрылғысы тұр. Әрбір малдың құлағында чиптер болады. Біз осымен тексереміз. Бәрін көрсетіп тұр. Нөмір 147, корпус Б, қай загоннан шыққанын көрсетеді. Қазір мал өз орнында тұр. 

Ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру қызмет сапасын жітілдірді. Енді «Төрт түлік» мобильді қосымшасы арқылы ветеринарлық төлқұжат алу мен мемлекеттік таңба беру онлайн форматта атқарылады. Сондай-ақ сойылған малды есептен шығару да жүйе арқылы жүргізіледі. Соңғы санақ нәтижесі бойынша электронды есептен 80 мың мал басы есептен шығартылды. 

Ерлан Әденов, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Цифрландыру келмей тұрып малдардың бәрі бірдейлендірілген. Базаға тіркелген. Кейде оны сатып жібереді немесе қажеттілікке пайдаланып, сойып жейді. Десе де ветеринар дәрігерлерге хабарламайды. Ол базада қалып кетеді. Өткенде 60 мың шығарылса, бүгінгі таңда тағы 20 мыңға жуық ірі қара, уақ малды шығарып, арнайы базамен сәйкестендіріп жатырмыз. 

Біріңғай базадағы соңғы мәліметтер бойынша өңірде 90 мың бас ірі қара, 100 мыңдай ұсақ мал және 19 мыңға жуық жылқы бар екені нақтыланды. Ал көрші Түркістан облысында төрт түліктің жалпы саны 6 миллионнан асқан. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында игерілмей бос жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, жайылымдық алқаптар ұлғайып келеді. 

Рүстембек Мұздыбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Өңірімізде 8 млн 500 мың гектар шамасында жайылым бар. Өздеріңізге белгілі, 2023 жылға дейін бізде жайылым тапшылығы 2,1 млн гектар болып табылған. Қазіргі таңда 500 мың гектарға жақын ғана жайылымға тапшылық бар. Мал шаруашылығы саласындағы жұмыс істеп жатқан шаруаларды шалғайдағы жайылымдарға тартуға ынталандырып жатырмыз. 

Шалғайдағы жайылымдық алқаптарды игеру үшін арнайы инфрақұрылым жүргізу жұмыстарына басымдық берілді. Ұңғымалар қазып, сумен қамтуға қолдау көрсетіледі. Сала мамандарының айтуынша, бұл мал басын көбейтіп, өнімдікті арттыруға оң әсер еткен.

 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz