RU
Толық нұсқаға өту

Шекарашылар жаңа Конституцияны қолдады

10.03.2026, 14:11 39

Астанадағы халықаралық әуежайында өткен кездесуде сала мамандары Ата Заң Преамбуласында белгіленген басымдықтар мемлекеттің іргетасын нығайта түсетінін алға тартты. 

Жалпыұлттық коалиция мүшелерімен болған жиынға Ұлттық қауіпсіздік комитеті, шекара қызметінің мамандары қатысты. Әскерилер құжат жобасындағы негізгі өзгерістерді талдап, қонақтарға өз сауалдарын жолдады.

Бұл – Астана халықаралық әуежайының аумағында өтіп жатқан екінші жиын. Бұған дейін әуежай қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сол кезде шекарашылар қызығушылық танытып, жаңа Конституция жобасындағы маңызды өзгерістер туралы білгілері келгенін жеткізген.

Ғабит Тәжімұратов, қалалық мәслихат депутаты:

- Мұндай шара қала бойынша жүргізіліп келе жатыр. Үш апта шамасында жүргізіліп жатыр. Біз әуежайда өткізіп жатқанда өздері келіп, ұсыныс жасап, мәслихатқа жазып, «келіңдер, осындай жұмысты бізге де өткізіңдер», - деді. Солардың сұранысы арқылы келіп отырмыз. Өздері келіп, өздері қызығушылық білдіріп жататын сәттер жиі бола бермейді. 

Жиынға Жалпыұлттық коалиция мүшелері, қалалық штаб басшылығы мен мәжіліс депутаттары қатысты. Темірдей тәртіпке бағынып үйренген шекарашылар келген қонақтарды ұйып тыңдады. Әсіресе жаңа Конституция жобасының ұлттық қауіпсіздік саласына қатысты тұстары зор қызығушылық тудырды. 

Марат Башимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бүгін өте маңызды шара өтіп жатыр. Құқық қорғау органдарымен кездесу. Шынын айтып кету керек, құқық қорғау органдарымен байланысты ұлттық қауіпсіздік мәселелері Конституцияға кіргізілген. Біріншіден, ол Конституция негіздері, ұлттық қауіпсіздік мәселелері, адамның құқықтары, ол тәуелсіздік пен біздің суверинитетіміз. Өте-өте маңызды ұлттық қауіпсіздік мәселелері. Қазір біз соны талқылап жатырмыз. 

Сондай-ақ жиында құқықтық жауапкершілік, саяси, әлеуметтік өзгерістер де талқыланды. Сонымен қатар әскерилерді қызықтырған сауалдарға жауап беріліп, жаңа нормалардың маңызы түсіндірілді. Шекарашылар бұл өзгерістерді бірауыздан қолдады.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Асхат Қарақойшиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz