RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде қан донорларын ынталандыру мәселесі көтерілді

10.03.2026, 15:35 109

Елімізде қан донорларына төленетін қаржы сомасы көңіл көншітпейді. Олар үшін елдегі тегін тамақтанудың қаржылай баламасы 0,25 айлық есептік көрсеткіш болып белгіленген.

Алайда өтемақы мөлшері жылдар бойы қайта қаралмаған. Сенат депутаттары мәселеге назар аударып, тұрақты донорлардың азайып бара жатқанын айтады. 

Астана тұрғыны Талғат Қалықовтың қан тобы екінші оң резусті. Ол 2 айда бір рет Қан орталығына келіп, борышын орындайды. Игі істен құр қалғым келмейді, - дейді өзі.

Талғат Қалықов, қала тұрғыны:

- Мен 20 жасымнан бастап қан тапсырамын. Менің әкем де донор. Әкем 40 жыл донор болған. Сосын 20 жасымнан бастап маған да үйретті. Бірге барып жүрдік. Мен де әкем сияқты қан тапсырып жүрмін. Маған да қан тапсырып жүргеніме 30 жылдай болып қалды.

Ал Сұңғат Ілиясов өзі ғана емес, жұбайымен бірге үнемі қан тапсырып тұрады. Бұл істі тек борышы емес, қайырымдылық деп түсінеді. Болашақта балаларымды да игі іске баулимын, дейді.

Сұңғат Ілиясов, қала тұрғыны:

- Әр қан тапсырған сайын өзімді сергек сезінемін. Қанды тек мұқтаж азаматтарға емес, өзімнің көңіл-күйім үшін де тапсырамын. Қазір жұбайым екеуміз келіп жүрміз. Балаларымыз есейгенде, оларды да Қан орталығына бірге алып жүремін.

Елордада күн сайын 100-ден астам адам қан тапсыруға шақырылады. Әр азаматтан алынған қан қаладағы 30-ға жуық медицина мекемесін толық қамтамасыз етіп отыр.

Алма Демеуова, Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы Қоғамдық байланыс және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы:

- Күн сайын біздің операторлар 150 адамды шақырады. Оның ішінде 100 адам келеді. Оған қоса, біз басқа да мекемелерге көшпелі донор акциясын өткіземіз. 28 медициналық мекемеге қан тапсырамыз. Мекемелерден өтініш түскен уақытта бірден барлығын жібереміз. Сол себепті нақты қорда сақтап тұрамыз деп айта алмаймыз. Өйткені қан күнделікті қажет.

Елімізде жылына 100 мыңға жуық адам қан мен оның компоненттерін қабылдайды. Неғұрлым күрделі операция жасалса, соғұрлым науқасқа қан керек болып жатады. Мамандардың айтуынша, кейде жоспарлы, ал кей кездері жоспардан тыс қажеттілік туындайды.

Айнұр Малғажарова, Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының мейірбикесі:

- Донорлар келеді. Донорлардан қан құрамындағы клетка тромбоцит аламыз. Донорлар 1,5 сағат ішінде тромбоцит тапсырады. Онда 450 мл қан аламыз. Қан құрамына бүкіл клеткалар кіреді. Ал тромбоцитте тек тромбоцит аламыз. Ол клеткалар үш жұманың ішінде тез қалпына келеді.

Донор бір мезетте 450 миллилитр қан тапсырады. Аз ғана мөлшер болып көрінуі мүмкін. Алайда онымен 3 бірдей адамның өмірін сақтап қалуға болады. Сонысымен де қоғам үшін ерікті донорлардың маңызы жоғары.

Бірақ оларға төленетін қаржы сомасы көңіл көншітпейді. Салдарынан тұрақты донордардың саны азайып, қалғандарына жүктеме артты. Осы мәселені Сенат депутаттары көтеріп, төлемақы мөлшерін ұлғайту қажеттігін алға тартады.

Әлішер Сатвалдиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қазақстандағы донорлық деңгей 1 мың тұрғынға шаққанда 12 донацияны құрайды. Бұл Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының талаптарынан едәуір төмен. Донорлар үшін елдегі тегін тамақтанудың қаржылай баламасы 0,25 айлық есептік көрсеткіш болып белгіленген және ол жылдар бойы қайта қаралмаған. Демек ынталандыру тетігі мүлде жоғалды деген сөз. Өзге мемлекеттерде тамақтану мен жұмсалған уақыттың өтемақысы, моральдық көтермелеу және қоғамдық тану жүйесі қолданылып отыр. Бұл мәселенің шешу жолдарын қарастыру керек.

Сондай-ақ Премьер-министрге жолданған депутаттық сауалда донор саласындағы мемлекеттік саясатты жаңарту және қан қызметін цифрландыру процесін жеделдету ұсынылды.

Авторлары: Альмира Оразбай, Нұрғали Мамурбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz