RU
Толық нұсқаға өту

Сенатор: Ата заң жобасында ұлттық қауіпсіздік мәселесіне терең мән берілген

10.03.2026, 19:50 120

Жаңа Конституция жобасында ұлттық қауіпсіздік мәселесіне терең мән берілген.

Мәселен, 23-баптың 6-тармағында: Қазақстан Республикасының Конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуді, аумағының тұтастығына, Егемендігі мен Тәуелсіздігіне қол сұғуды, қоғамдық тәртіпті бұзуды, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруді, соғысты, қарулы қақтығысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, этностық, діни басымдықты немесе алауыздықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға, сондай-ақ осындай әрекеттерге шақыруға жол берілмейді, - деп жазылған. Сенатор Әлішер Сатвалдиев бұл нормалар Мемлекеттің тұрақтылығы мен егемендігін қорғауда маңызы зор деп санайды.

Конституция пен ұлттық қауіпсіздік бір-бірінен ажырамас ұғым. Этносаралық және конфессияаралық татулықты бұзуға алып келетін әрекет конституциялық емес деп танылады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын саяси себептермен шектеуге жол берілмейді. Бұл 41-баптың 2 және 3-тармағы. Ата заңның жаңа жобасында мемлекеттің тұрақтылығын қорғауды күшейтетін осындай бірнеше бап көрініс тапқан.

Әлішер Сатвалдиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қолданыстағы Конституциямен айырмашылығы тұрғысынан келетін болсақ, Президенттің атқаратын қызметтері тұрғысынан мемлекетке қауіп төнсе, мысалы, азаматтардың өміріне қауіп төнсе, Президенттің өзі тікелей қауіпсіздік мәселелері бойыша төтенше жағдайлар немесе басқа да режимдік жағдайларды енгізу бойынша құқықтар алғанын көруге болады. Сонымен Үкіметке де осындай қауіпсіздік мәселелерінде тиісті құжаттарды дер кезінде шығару, әрекет ету шараларын қабылдауға мүмкіндіктер берілгенін білуге болады.

Ал бұрын бұл шешімдер тек ведомстволық, тар деңгейде ғана қарастырылатын. Депутат ұлттық қауіпсіздік ұғымының өзі кеңейе түскенін айтады. Оның ішінде цифрлық кеңістіктегі киберқауіпсіздік мәселесі ерекше назарға алынды. Жалпы жаңа Конституция жобасындағы әр баптың өзі халықаралық қауымдастық алдында еліміздің ұстанымы жайында жаңа месседж беретіні сөзсіз.

Әлішер Сатвалдиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Тағы бір мән беретін нәрсе бұл біздің Қазақстанның Ата заңы, ішкі заңнама базамыз халықаралық заңдардан үстем тұрады деген принциптің енгізілгенін ерекше атап өту керек. Осы күнге дейін Қазақстанның заңнамасы халықаралық келісімдер мен құжаттарға қайшы келмеуі керек деген тұрғыда жұмыс істеп келді. Енді жаңа Конституция қабылданатын болса, бұл жерде түбегейлі өзгеріс Қазақстанның заңнамасына қайшы келетін келісімдерге әрине біз келмейміз.

Ата заң жобасын мазмұны жағынан нағыз «халықтық» деуге негіз бар. Құжатта заңдылық пен әділеттілік талаптары толығымен орындалған. Жаңа Конституцияның тұжырымдамасы Президенттің «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» секілді басым қағидаларына негізделіп, мемлекеттің құндылықтарын жан-жақты айқындайды.

Авторы; Рухани Әбдірахман

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz