Күн райы бағбандарды да алаңдатты.
Шымкенттегі жылыжайлар мен бау-бақшаларда ерте пісетін жемістер мен көкөністерді қымтап жатыр. Алқаптарды түтіндетіп, қазандықтардың қызуын барынша арттырған.
Әдетте жаймашуақ оңтүстікте ерте көктемде қар жауып, жұртты әбігерге салды. Синоптиктердің де болжамы көңіл көншітпейді. Термометр бағаны 16 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Қала іргесіндегі Сапарбек Ержігітовке тиесілі 135 гектар бау-бақшада сүйекті жемістер өсіріледі. Бүгінде алма, қара өрік және шиенің ерте пісетін алуан сорты бүр жарып, гүлдеп үлгерді. Алайда күн райының күрт суытуына байланысты өнімділікке үлкен нұқсан келуі мүмкін. Сондықтан ол бау ішіне от жағып, түтіндету әдісімен жылытуға көшті.
Сапарбек Ержігітов, бау-бақшаның өндірістік директоры:
- Осы 13 жылдың ішінде үшінші рет осындай қатты суыққа тұтас келіп тұрмыз. 400-дей баллон алып келдік. 500-дей пресс. Одан бөлек 10-15 үлкен көлікпен түрлі қураған ағаш алып келіп отырмыз. Одан бөлек 2-3 тонна солярка. Осылар арқылы түнде осы жеміс ағаштың өзін алып қалуға әрекет жасаймыз.
Көктемгі күтпеген суық өңірдегі жылыжай шаруашылықтарына да айтарлықтай салмақ салды. Жалпы аумағы 140 гектар болатын кешендерде ішкі температураны қалыпты деңгейде ұстап, қызанақ пен қияр өнімдерін үсіктен сақтау жұмыстары күшейтілді. Қазандықтар толық қуатында іске қосылды.
Евгений Таранов, жылыжай кешенінің басқарушы директоры:
- Қатты аяз түскен кезде үшінші қазандық іске қосылады. Яғни газ шығыны сағатына 670 текше метрге дейін жетеді. Ал оны 69 теңгеден есептеп, қаншама сома шығатынын елестетіп көріңізші. Мысалы біз тек қаңтар айының өзінде газға 13 миллион теңге жұмсадық.
Сарапшылардың болжамы көңіл көншітпейді. Биыл шаруалардың шығыны шаш етектен болса да, жеміс-жидек пен көкөніс өнімділігі төмен болуы мүмкін. Ал мемлекет тарапынан ешқандай өтемақы қарастырылмаған. Өйткені сала мамандарының мәлімдеуінше, қаладағы 50-ге жуық агроқұрылымның бірде-бірі өз еңбегін сақтандырмаған.
Сағдат Маханов, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- Өнімділікті сақтау үшін алдын ала шаруа қожалықтың барлығына ескертеміз. Алдын ала айтқанбыз. Мынандай күндері күн суытуы мүмкін. Мынандай қауіп төнуі мүмкін егістікке дегендей. Сақтандырып қойыңыздар деп. Енді сақтандырудың да өз қиыншылықтары болады. Шаруа қожалықтар онымен келісуі де келіспеуі де мүмкін. Ол шаруа қожалықтың өз еркінде.
Шымкентте жалпы аумағы 21 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы өнімдерін егу жоспарланған. Бүгінде оның басым бөлігіне дәнді дақылдар мен мал азығы себілсе, қалған жер көкөніс пен бақша өнімдеріне бағытталған. Сала мамандары диқандардың еңбегі еш кетпес үшін сақтыққа шақырады. Себебі синоптиктер алдағы күндері ауа температурасы -16 градусқа дейін төмендейді деп болжап отыр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов
Тегтер #Шымкент #жылыжай #жеміс ағашы #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz