Қарағанды-Жезқазған автожолында құрылыс жұмыстары сәуір айында басталады.
Бұл маңызды күрежол шамамен жарты ғасыр бұрын салынған. Содан бері толыққанды жөндеу көрмеген.
Енді жолдың негізгі топырақ қабаты толық жаңартылып, асфальт жабындысы қайта төселеді. Сондай-ақ автожол екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейтіледі.
Жолдың жалпы ұзындығы - 457 шақырым. Ол Қарағанды мен Ұлытау облыстарын байланыстырып, өңіраралық тасымал үшін маңызды роль атқарады. Биыл күрежолдың Қарағанды - Жезқазған бағыты бойынша 122 шақырымын жөндеу жоспарланып отыр. Мердігер анықталып, сәуір айында құрылыс-монтаж жұмыстары басталады деп күтілуде.
Думан Қалабиев, "Қазавтожол" ҰК" АҚ филиалының директоры:
- Ол жерде 8 миллион кубтан артық жер, топырақ жұмыстары болады. Одан басқа үш площадкада демалыс алаңдары болады, 7 көпір салынады, 135 су өткізетін құбырлар салынады.
"Құрылыс барысында көлік қозғалысына кедергі болмайды",-дейді мамандар. Жүргізушілерге қолайлы болу үшін қозғалыс айналма өткелдерге ауыстырылмайды. Алдымен қолданыстағы жолдың жанынан жаңа екі жолағы салынады. Содан кейін ескі жолды қайта жаңарту басталады. Нәтижесінде Қарағанды -Жезқазған тасжолы төрт жолақты болады. Қазірдің өзінде бұл трассамен тәулігіне 7 мыңға дейін көлік өтеді. Ой-шұңқыры көп, тар жолдың азабын жүргізушілер жылдар бойы тартып келеді.
БЛИЦ
- Жылдар бойы айтылып келе жатқан жол ғой бұл. Бұл жолмен жүрген адам екінші рет жүруге несі бармайтын шығар енді. Өйткені жол өте нашар. Ой-шұңқыры көп. Машинаның жаңағы енді ходовкасы дейміз ғой, соның барлығына көп әсер етеді.
- Жол жаман, ойықтар көп, үлкен кісілерге жаман, ауылда тұратындарға. Жолды, мысалы, екі поласа қылып жасаса, тіпті жақсы болатын еді. Жол апаттары аз болады. Мысалы, Жезқазған трассасында апаттар көп болады.
Жоба аясында инфрақұрылым да ауқымды түрде жаңартылады. Елді мекендерге жол айрықтары мен кері бұрылу жолақтары салынады. Сонымен қатар демалыс алаңдары мен автобус аялдамалары қарастырылған. Жөндеу жұмысын 2029 жылы аяқтау жоспарланған. Ал құрылыс сапасын «Жол активтері сапасының үлттық орталы» мамандары бақылауда ұстайды.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Биыл Қарағанды облысында 500 шақырым жол жөндеу жоспарланған. Соның ішінде республикалық маңыздағы жолдардың 9 учаскесінде орташа жөндеу жүргізіледі. Бұл шамамен 280 шақырымдай қашықтық. Сондай-ақ 3 көпірге күрделі жөндеу жасалады.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит
Тегтер #Қарағанды #Жезқазған #жол құрылысы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz