Түркістан облысы Бәйдібек ауданының тоғыз елді мекенінде жаңа спорттық үйірмелер ашылды.
Осылайша ауыл жастарына спортпен жүйелі түрде айналысуға мүмкіндік жасалды. Қазіргі уақытта спорттың алты түрін қамтитын секцияларға екі мыңнан астам жеткіншек қатысып, тұрақты түрде жаттығу жасап келеді. Бүгінде ауыл балалары аудандық және облыстық жарыстарда ғана емес, республикалық деңгейдегі додаларда да жүлделі орындарға ие болып, өңір намысын абыроймен қорғап жүр.
Орынбай Тайманов ауылында тұратын 40-қа жуық жасөспірім қазір спорт үйірмесіне қатысады. Оның 20-сы қазақша күреспен шұғылданса, қалғаны болейбол секциясына барады. Мәселен 10 жасар Нұрболат Темірхан бұған дейін Боралдай ауылындағы спорт мектебінде жаттыққан. Ел ағалары ауылдағы бос тұрған ғимаратты жөндеп, үйірме ашқалы осында шынығады. Қазір мұнда күреске ден қойған балалар түрлі айла-тәсілді меңгеріп, дайындалуда.
Нұрболат Темірхан, үйірмеге қатысушы:
- Менің қатысып жатқаныма 2 жыл болды. Күрес өзіме ұнайды. еліміздің спортшылары маған қатты ұнайды. Мысалға, Нұрқожа Қайпанов, Елдос Сметов сияқты ағаларымыз. Солар сияқты мен де чемпион болғым келеді. Әлемді бағындырғым келеді. Ол үшін еңбек етіп, тер төгу, алдымызға мақсат қою керек.
Аудандағы ең үлкен спорт кешені былтыр Ақбастау ауылында жұмысын бастаған. Мұнда жүзден аса жеткіншек қазақша күрес, дзюдо, үстел теннисі, болейбол, бокс және футбол сияқты спорттың алты түрімен шұғылданады. Ауыл балалары бұрын мектептің спорт залында жаттығып келгендерін айтады.
Көркем Аспандар, үйірмеге қатысушы:
- Мектепте сабақ болып жатқандықтан бізге кедергі келтіретін. Бұл спорт мектебінде барлығы спорт болғандықтан бізге кедергі келтірмейді. Емін-еркін ойнаймыз. Көптеген ауданаралық, облысаралық жарыстарға барып жүрміз. Республикалық деңгейде ойнап жатқан ойыншыларымыз бар. Мен бұл спортқа бала кезден бастап қызыққам және бұның өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл шапшаңдықты, мергендікті қажет ететін ойын болғандықтан көп дайындық қажет.
Бүгінде Боралдай ауылдық округіне қарасты бес елді мекендегі спорттық үйірмелерде 600-ге жуық бала жаттығады. Олардың барлығына Боралдай ауылдық округіндегі №3 спорт мектебінің директоры Бақытжан Төребеков қолұшын созып, қамқорлығына алған.
Бақытжан Төребеков, Боралдай ауылдық округіндегі №3 спорт мектебінің директоры:
- Бесеуінде де осындай балаларға жаттығу жасауға мүмкіндік жасап бердік. Жаттықтырушыларымыз аянбай еңбек етіп жатыр. Ол залдарда ауылдың жастары шынығып, жаттығу жасауда. Себебі әлем чемпионы да, олимпиада чемпионы да ауылдан шығып жатыр. Ауыл жастарын көтерсек, үлкен биік дәрежеге шығарсақ деген үлкен үмітіміз бар.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Биыл Түркістан облысында құны 6,9 млрд теңге болатын 10 спорт кешенінің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Оның ішінде 6 спорт нысаны «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында Ордабасы, Төлеби, Шардара, Сауран және Арыс аудандарында салынып жатыр. Қалған төртеуі жергілікті бюджет есебінен бой көтеруде. Мамандар кәсіби жаттықтырушыларды жұмысқа тартып, ауыл балаларының арасынан чемпиондар шығаруды мақсат етіп отыр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #Түркістан облысы #спорт #үйірме #24KZ #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz