RU
Толық нұсқаға өту

Көлік нарығы тығырыққа тірелді

11.03.2026, 15:54 131

Ирандағы ахуал Араб әмірлігін абдыратып, ал біздегі тұтынушыны алаңдатып қойды. Себебі шекарадағы шектеулер мен қауіпсіздік шаралары жол шығынын арттырды. 

Логистердің айтуынша, бұл тұрақсыздық Дубайдан жеткізілетін көліктер бағасына тікелей әсер етеді. 

Дубайдан көлік күткен Ілиястың көңілі күпті. Ол екі апта бұрын Парсы шығанағында шатақ шықпай тұрып, тапсырыс беріп қойған. Әйтеуір машинасын кемеге тиеп, үлгермегеніне тәубе етеді. «Себебі қаңғыған оқ қаңылтырды тесіп өтсе, жауласу кезінде өтеуін біреуден сұрап, дауласу да қиын», - дейді. Қолдан келер амалы тараптардың амандығы мен өз сабырын сарқу ғана. 

Ілияс Шамханов, тұтынушы:

- Қазіргі таңда өздеріңіз көріп, біліп отырғандай, Иранда қалыптасқан жағдайға байланысты көлігім Дубайда тұрып қалды. Жалпы көліктің жеткізілуіне Ирандағы жағдай әсер етеді деп ойламаппын. Тек мен емес, көптеген көлік сатып алған азаматтарға әсер етті деп ойлаймын. Сондықтан бұл мәселе оңынан шешілуін және жағдайдың тұрақталуын күтіп отырмын. 

Геосаясаттың ілмегіне ілінген Ілияс қана емес. Легі жетерлік. Ал текетірес кезінде теңіз компаниялары рейстерін шегеріп, балама бағыттарға ауыса бастаған. Сақтандырушылар болса, әскери тәуекелдер шығынын арттырды. 

Арман Міржақыпұлы, автосарапшы:

- Біреуінікі Дубайдан шыға алмай тұрса, екіншісі Иранға келіп, әрі қарай жалғастыра алмай жатыр. Енді олардың басқа амалдары жоқ. Күтіп отыр. Егер көлікке зақым келсе, сақтандыру шартына байланысты оларға өтемақы төлену керек. Балама бағытты көрген екен Грузия арқылы. Тасымалдау үш есе қымбат шығады.

Негізі Біріккен Араб Әмірліктерінен бізге екі бағытта су жолы бар. Дубайдағы Джебель-Али және Ирандағы Бендер-Аббас порттары. Одан әрі Каспий өңірі елдеріне көлік немесе пароммен жеткізіледі. Ал автосарапшы айтқандай Грузия арқылы да өтуге болады. Тек қымбаттығына қымсынбайтын логистикалық компания табылса. Сондай елге көлік жеткізушілердің бірі жол шығынын көтеруге әзір екенін айтты. 

Еркебұлан Сатқанбаев, халықаралық логистикалық компанияның басшысы:

- Ормұз бұғазының жабылуына байланысты қазір Қазақстан мен Дубай арасындағы логистика толық тоқтап тұр. Порттар лық толы. Қазір енді көлікті Дубайдан алып қойғандар үшін басқа маршруттар қарастырып жатырмыз. Грузия арқылы келетін нұсқа бар. Алайда бұл маршрут қымбатырақ. Дегенмен ол жол шығындарын біз компания өзіміз көтеретін болып жатырмыз. Клиенттер үшін ешқандай тәуекел жоқ. Клиенттер үшін тәуекел – тек қана уақыт тәуекелі. Десе де сақтандыру компаниялары үшін қаржылық шығын мәселелері бар. Енді геосаяси жағдай тұрақталғанша Дубай нарығы жабық, жұмыс істемейді.

Қазір Дубайдағы көлік салондары әуре-сарсаңға түскен. Бізге экспорт дилері дилемманы түсіндіруге тырысты. Ол 20 күнде барлық тасымал тоқтайтынын, тапсырыс қабылданбайтынын айтты. Себебі 28-ақпанда жеткізілуі тиіс жүктер кері қайтарылып, контейнерлер толған. Қазір көлік құжаттары қайта рәсімделіп жатыр. 

Сахал Шәріп, Дубайдағы экспорт дилері:

- Біріккен Араб Әмірліктері, әсіресе Дубай сияқты экспорттық хаб үшін қақтығыс көлік экспорт нарығына теріс әсер етті. Авто секторда көптеген тұтынушы жаңа көлік сатып алуға асықпай отыр. Себебі жеткізу кешігіп, логистикада белгісіздік бар. Транзит арқылы жеткізу тіпті қауіпті. Көлікке зақым тиюі мүмкін. Ормұз бұғазындағы жағдай мәселені шиеленістіріп жіберді. Қысқасы, көлік сатылымы күрт төмендеді. Жаңа машиналардың тапшылығынан баға өсті. Ең көп зардап шеккен тасымалдау саласы. Ал Фуджейра порты үлкен жүктемемен жұмыс істеп тұр. Қосымша тапсырыс қабылдай алмайды. Жалпы алғанда экспорттаушылар мен бүкіл әлемдегі сатып алушылар арасында үлкен белгісіздік тудырып отыр. 

Қазір Дубайдан жеңілдікпен көлік алуға мүмкіндік көп. Өйткені экспорт жоқ. Тауарды жаңалау үшін артығынан арылу қажет. Ал Қазақстанда керісінше машина қымбаттауы мүмкін. Бәрі емес, әрине. «Тек араб елінен жеткізілетін өтімді түрлеріне баға көтеріледі», - деп бағамдайтындар бар. Иран дәлізі ашылғанша осылай пысықайлар пайда табады-мыс. 

Арман Міржақыпұлы, автосарапшы:

- Менің ойымша, қымбаттамайды. Қазір нарық көлікке толып кеткен. Біздің отандық өнімдеріміз, Қытай көліктері, басқа елден келетін көліктер бар. Қазір ұсыныс көп, сұраныс жоқ. Сондықтан дәл осы жағдайға байланысты көлік қымбаттайды деген менде болжам жоқ. 

Енді аз-кем кеңес. «Егер көлік портқа әлі жеткізілмесе, салонда сақталғаны дұрыс», - дейді сала мамандары. Мүмкін болса, дилер немесе мамандандырылған қоймаларға қалдыру керек. Ал портта қаңтарылса бақылай алмай, баз кешесіз.

Авторлары: Нысаналы Ығыл, Арман Ақшабаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz