RU
Толық нұсқаға өту

Наурызда күн райы қалай болады?

11.03.2026, 19:40 143

Алматы тұрғындарының көктем келді деген қуанышы ұзаққа созылмады. Қаланы бір түнде қалың қар басып қалды. Ақ ұлпаның қалыңдығы 27 сантиметрден асады.

Түннен бері мыңнан астам арнайы техника шаһар көшелерін тазалап жатыр. Синоптиктер: «Күн райының наурызда бұлай құбылуы қалыпты жағдай», - дейді. 

Алматыда дүйсенбіде ауа температурасы +19 градусқа дейін көтеріліп, тұрғындар бір жадырап қалған еді. Артынша жаңбыр жауып, соңы қарға ұласты. Синоптиктердің болжамынша, бүгін қар, жауын-шашын тоқтап, түнде -13 градусқа дейін суытады. «Жалпы наурызда жауын-шашын деңгейі нормадан жоғары болады», - дейді мамандар.

Дәулет Кісібаев, «Қазгидромет» РМК Алматы филиалы метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы:
- Алматылықтар наурыз айының өтпелі кезең екенін ұмытпауы керек. Бұл уақытта атмосфералық процестер қысқы кезеңнен жазғы кезеңге ауысады. Сондықтан суық ауа массаларының жиі енуі, мол жауын-шашын, екпінді жел, тіпті найзағай сияқты құбылыстар болуы мүмкін.

Бүгін ақпанның 39-ы. Күн райының күрт құбылуын алматылықтар осылай қалжыңға айналдырып отыр. Тек коммуналдық қызметкерлердің әзілдеуге мұршасы болмай жүр. Олар түннен бастап қаланың негізгі магистральдарын қардан тазалуға кірісті. Жалпы саны 75 бригада жұмылдырылды. 2710 жұмысшы және 1225 арнайы техника жұмыс істеп жатыр.

Қуат Нұрланкұлов, мердігер ұйым өкілі:
- Бүгін түнде де күшейтілген режимде жұмыс істейміз. Егер ертең таңертең жауын-шашын тоқтамаса, күндізгі ауысым да күшейтілген режимде жұмысқа шығады. Сонымен қатар тротуарларды, аялдама кешендерін, баспалдақтарды, жерүсті өткелдерін, пандустарды тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Полиция көлік жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, арақашықтық сақтауға, ал жүргіншілерге тротуарларда абай болуға кеңес берді. Себебі қардан кейінгі аяз бірнеше күнге созылады.  

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz