RU
Толық нұсқаға өту

Солтүстік Тянь-Шань тауларындағы мұздықтар жылдам еріп барады

11.03.2026, 22:30 116

Солтүстік Тянь-Шань тауларындағы мұздықтар жылдам еріп барады. XXI ғасырдың соңына қарай олар толық жойылып кетуі мүмкін. 

Мұздықтардың көлемі жыл сайын 1 пайызға кішірейеді. Бұл әрине, ең алдымен экологияға, ауыл шаруашылығына, халықтың тұрмыс тіршілігіне әсер етеді. Орталық Азия өңірінің халқы үшін оның салдары қандай? Бұл туралы «Алатау: жоғалып бара жатқан мұздықтардың ізімен» деректі фильмінде айтылады. Жоба авторы – журналист Мәдина Ашилова. Фильмнің таныстырылымы Алматыдағы БҰҰ-ның өкілдігінде өтті.

Солтүстік Тянь-Шань Қазақстанның  ғана емес, бүкіл Орталық Азияның негізгі су көзі. 1958 жылы басталған зерттеуден бері Тұйықсу мұздығы 1200 метрге шегінген. Яғни жыл сайын тау көлінің көлеміне тең мұз жоғалтады. Жалпы алғанда Алматы облысындағы мұздықтар 44 пайызынан айырылған. Бұл дегеніңіз – тұщы судың стратегиялық қоры. Мұздықтардың еруі  таудың етегінде өмір сүріп жатқан адамдардың өміріне тікелей әсер етеді. «Климаттық мигранттар пайда болады. Құрғақшылықтың салдарынан фермерлер дұрыс өнім ала алмай отыр», - дейді жоба авторы Мәдина Ашилова.

Мәдина Ашилова, жоба авторы:

- Сел мен су тасқынынан зардап шеккен адамдар қаншама. Мұның бәрі – мұздықтар еруінің салдары. Біз адамдарға мұздықтардың еруі дегеннің не екенін көзбен көріп, нақты сезінетіндей етіп көрсетуге, сондай-ақ болашақта бізді не күтіп тұрғанын түсіндіруге тырыстық. Мұздықтар ери береді. Алайда бұл ештеңесіз қаламыз дегенді білдірмейді. Бұл қайта  бейімделетін уақыт жеткенін сездіріп отыр. Сондықтан суға деген көзқарасты өзгертіп, суды үнемдеу тәсілдерін енгізуіміз керек.

Фильм CARAVAN жобасы аясында Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен түсірілген.

Картинада гляциолог ғалымдар, «Қазселденқорғау» қызметкерлері, құрғақшылыққа тап болған фермерлер қазіргі жағдайды айна қатесіз баяндайды. Сонымен қатар су тапшылығынан жылы орнынан көшкен климаттық мигранттар  бастан кешкен оқиғаларын айтып береді.

Айжан Ысқакова, ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы қоғамдық палатаның сарапшысы:

- Орталық Азияның млндаған тұрғыны бар. Олар – фермерлер. Су ресурстарын пайдаланушылар. Мұздықтардың азаюы су жүйесіне де, халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан біз көтеріп отырған бұл тақырып өте маңызды деп ойлаймын.

«Сарапшылар әсіресе,  мұздықтарға тәуелді адамдар су тұтыну мәдениетін өзгертсе нәтижесі болады», - деп есептейді. Маусым, шілде айларында қардың суы, ал тамыз айында мұздың суы келеді. Осы аққан суды ұстап қалып, тиімді пайдаланған жөн. Ол үшін гидротехникалық мәселелерді шешу қажет.

Тәкір Балықбаев, ЮНЕСКО аясындағы орталық азия өңірлік гляциология орталығының директоры:

- Криосфераны зерттеуіміз керек. Одан кейін ішіндегі бүгінгі ағымдарды бәрін дұрыстап қарап отыруымыз керек. Екіншіден, мониторинг. Бұл ауа-райы, біздің жауын шашынға байланысты, судың ағынына байланысты, қалай өтіп жатыр соның бәрін қарап отыруымыз керек. Үшіншіден, Орталық Азиялық орталық болғандықтан осы өңірдегі бүкіл ғалымдардың жұмыстарын үйлестіру. Бірлесе жұмыс істеу және ортақ зерттеулер жасау осылардың бәрін қарауымыз керек.

Жоба авторы Мәдина Ашилова осы фильм ел ішінде кеңінен таралса екен дейді. Бұл халықтың эколгиялық мәдениетінің артуына, суды үнемдеп қолдануға шақырады. Ол су ресурстарын сақтау тақырыбын одан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz