RU
Толық нұсқаға өту

Елордалық оқушылар Ұлттық ұландықтармен кездесті

11.03.2026, 23:12 139

Елін сүйген ерлер – жас ұрпаққа үлгі. Осындай атаумен Астанада оқушыларға арналған мерекелік іс-шара өтті.

Жиында жасөспірімдер Ұлттық ұланның өкілдерімен кездесіп, әскери қызметтің маңыздылығы, темірдей тәртіп пен жауапкершілік жайлы маңызды мағлұмат алды. Шараның соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.

Бас қаладағы нөмірі 27-мектеп оқушыларының көңіл-күйі тамаша. Себебі олар бүгін әскери адамның өмірімен танысты. Жасөспірімдер Ұлттық ұланның өкілдерімен кездесіп, қаланың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті күзетуге қатысты қызықты мәліметтер алды. Арасында сұрақтарын жаудырып, пікір алмасты.

Айша Байтұрсынова, оқушы:
- Бүгін біз өте қызықты іс-шара өткізіп жатырмыз. Бұл жастар үшін өте қызықты әрі маңызды.
Осындай шарадан кейін патриотизм және ана тілге деген сүйіспеншілік оянады.

Меруерт Әбуова, мектеп директоры:
- Іс-шарада негізінен өзекті болып отырған бала тәрбиесі, олардың болашақ мамандыққа деген қызығушылығы, сондай-ақ мамандыққа бағыт беру мәселелері көтерілді.

Кездесуде Ұлттық гвардияның ерлер хоры жас ұрпаққа рух беретін патриоттық әндер шырқады. Олардың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – жас буынға үлгі боларлық тұлғалармен жүздестіру арқылы олардың бойында ерлік пен азаматтық қасиеттерді қалыптастыру.

Әлібек Әбділов, Ұлттық ұлан бас қолбасшысының кеңесшісі:
- Ең қуантарлығы, білім ордаларының басшылары Ұлттық ұланға келіп, өз қызығушылығын білдіріп жатыр. Осындай кездесулер көбірек болса екен. Сондықтан Ұлттық ұландағы барлық мүмкіншілікті пайдаланып жастармен кездесеміз.

Жиын соңында мектеп әкімшілігі Ұлттық ұлан өкілдеріне алғыс білдіріп, сый-жоралғыларын жасады. Гвардияның миссиясы қандай екенін Қасым Қайсенов атындағы 27-мектептің оқушылары енді біледі.

 

 

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz