«Қазсушар» мекемесіне қарасты 86 каналда цифрландыру басталады. Яғни өлшеу жабдықтары автоматтандырылады, судың көлемін, деңгейін есептейтін құралдар орнатылады.
Жалпы есебі 500 шақырымнан астам су бойы цифрландырылады. Бұл әрине ысырапты тыяды, тіршілік көзі рәсуа болмайды. Мамандар судың да есебін біліп, артық-кеміс шашау шыққанын біліп отырады.
Сосын ең бастысы қара нарықтың алдын алуға тиіс. Су саласындағы бақылау күшейді. Енді бұл шаруа жер серігінің көмегімен атқарылады. Яғни су қоймалары мен каналдар бойы ғарыштан қадағаланады. Егер кез келген егіс алқабына қатысты күмән туса, бірден арнайы рұқсаттың бар-жоғы тізімнен тексеріледі. Ал тізімнің өзі электронды түрде жүргізіледі. Себебі биылдан бастап диқандар су алуға өтінішті онлайн желіде бере бастады.
Темірлан Абдықұлов, ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұл енді автоматты түрде болады. Система бізге осындай жерде қауіп бар деп өзі беріп отырады. Ең бастысы уақыт пен қаражатты үнемдейді. Өйткені біздің қызметкерлеріміздің уақыты. Біз бұрын қалай жасайтын едік, біздің қызметкерлер әрбір су нысанына дейін 150-200 шақырым қашықтықты жүретін. Бірақ ол жерде заңбұзушылық анықтала ма, анықталмай ма, оны білмейміз.
Иә, заманауи технология мамандардың жұмысын жеңілдетті. Бұрын инспекторлар тәулігіне 200 шақырымға дейін жол жүріп, алқаптарды аралайтын. Жаңа жүйе уақыт пен қаражатты үнемдеп отыр. Су ұрлығын дер кезінде анықтап, шығынды азайтады, - дейді маман. Және бастысы – су есебін нақты жүргізуге мүмкіндік туды.
Темірлан Абдықұлов, ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының орынбасары:
- Бізде әкімшілік айыппұл салу мақсат емес, бұл жерде мақсат заңдастыру. Соның есебін жүргізу. Сол мақсат болып жатыр. Өйткені су пайдаланудың балансы қанша екенін білу керекпіз. Шынайылығын қамтамасыз ету үшін осыны жасап бітіру қажет.
Былтыр тіршілік нәрін заңсыз пайдаланған 365 тұлға жауапқа тартылды. Көбіне оңтүстік аймақта. Себебі суару маусымында заңсыздыққа жол беретін диқан көп. Тағы бір айтары, биыл жауапты министрлік пен Бас прокуратура арнайы жол картасын әзірледі. Құжатта су ресурсына аудит жүргізу және заңсыз су алу қаупі жоғары аймақтардың картасын жасау көзделген. Сондай-ақ су инфрақұрылымын дамытуға бөлінген қаржы тексерілмек.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Асқат Қарақойшиев, Айбек Омархан
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #қазсушар #су ресурстары #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz