Қазақстандық ғалымдар жүрекке операция жасауды үйрететін VR-тренажер ойлап тапты. Бұл жоба болашақ медицина қызметкерлері, яғни студенттер үшін өте қажет.
Ал іске кірісуге арнайы көзілдірік пен қолғап болса жеткілікті. Әдетте зертхана дегенде үлкен бөлме, түрлі түтікшелер мен құрал-жабдықтар елестейді. Ал виртуалды технологиялар зертханасы мүлде бөлек. Шын мәнінде, дәл осындай шағын кабинетте үлкен жобалар дайындалып жатыр. Бұл технологиялар алдағы уақытта медицина, білім беру және мәдениет саласында кеңінен қолданылуы мүмкін.
Соның бірі VR көзілдірік пен қолғап арқылы жүрекке ота жасауды үйрететін тренажер. Ол коронарлық артерияларды стенттеу операциясын виртуалды түрде орындауға мүмкіндік береді. Зертхана жетекшісінің айтуынша, бастапқы мақсат студенттерге физикалық эксперименттер жасауға қажетті виртуалды зертхана ашу болған.
Дана Цой, Mixed Reality зертханасының жетекшісі:
- Жобалардың қолдану аясы медицинадан бастап, базалық білім беруге дейін қамтиды. Мысалы, физикалық зертханалар. Қазір көріп тұрғандарыңыздай, біз өзіміздегі нақты кабинетке ұқсас зертханалық жұмысты виртуалды түрде жасап шығардық. Студенттер университетке де, зертханаға да келмей-ақ, виртуалды ортада физика бойынша тапсырмаларды орындай алады.
Mixed Reality Lab – 2020 жылы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде ашылған. Осы уақыт арасында зертхана бірнеше ірі жобаны жарыққа шығарды. Соның ішінде Әбілхан Қастеев музейіне арнайы жасалған қосымша бар. Виртуалды жобаның мақсаты музейге келушілер санын арттыру.
Евгения Дайнеко, Автоматика және ақпараттық технологиялар институтының директоры:
- Қосымша арқылы смартфонның камерасын бір нысанға бағыттайсыз. Сол сәтте нысан экранда 3D форматта пайда болады. Оны айналдырып, жан-жақты қарап, зерттеуге болады. Сонымен қатар ол туралы қосымша ақпарат шығады. Ал болашақта жасанды интеллектің көмегімен дыбыстық сүйемелдеу қосуды да жоспарлап отырмыз. Яғни сол арқылы виртуалды гидке айналады.
Зертханада IT мамандар, дизайнерлер және математикалық модельдеу мамандары жұмыс істейді. Бірі виртуалды нысандарды жасаса, енді бірі алгоритмдер мен физикалық модельдерді әзірлейді. Университетте «Иммерсивті технологиялар» білім беру бағдарламасы ашылған. Бұл бағдарлама аясында студенттерге VR және AR технологияларын әзірлеу бакалавриаттан бастап докторантураға дейін оқытылады. Мамандардың айтуынша, виртуалды технологиялар нақты өмірді алмастырмайды, керісінше оны толықтырып, жаңа мүмкіндіктер ашады.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Валентин Лобанов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #жасанды интеллект #ғалымдар #зертханаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz