RU
Толық нұсқаға өту

Елде көлік жүргізушілеріне бақылау күшейеді

12.03.2026, 14:40 111

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске мемлекеттік қызметті цифрландыру бойынша жаңа өзгеріс енді.

Яғни бүгіннен бастап жолдағы заңбұзушылықты бейнекамералар автоматты түрде тіркеп, тәртіп бұзушы полиция қызметкерінің қатысуынсыз бірден жауапқа тартылады. Сонда автоматты жүйе заңбұзушылықтың қай түрін нақты анықтай алады? Біріншіден, жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету, жол белгілерін ескермеу, көлікті тұраққа дұрыс қоймау   және жаяу жүргіншілерге жол бермеу сынды жол ережесіндегі өрескел заңбұзушылықтар осы уақытқа дейін қалай тіркелген болса, әрі қарай да бейнекамералар арқылы анықталып отырады. Бұдан бөлек енді көлік жүргізе отырып ұялы телефонды пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау, сондай-ақ техникалық тексеру, көлік сақтандыру полисінің және көлік айдауға қажетті өзге де қажетті құжаттар мерзімінің өтіп кетуі де ақылды жүйе арқылы бірден белгілі болмақ. Тәртіп бұзушылық тіркелсе, жауапкершілік көлік иесіне жүктеледі. Ал егер оқиға орын алған тұста, көлікті өзге адам айдаса, онда заң алдында дәл сол көлік жүргізушісі жауап береді.

Бейнекамералар арқылы жолдағы қандай заңбұзушылықтар бірден тіркеледі?

жылдамдықты асыру

бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету

жол белгілерін ескермеу

көлікті дұрыс тоқтатпау және тұраққа дұрыс қоймау

жүргіншілерге жол бермеу

рөлде отырып ұялы телефонды пайдалану

қауіпсіздік белдігін тақпау

техникалық тексеру мерзімінің өтуі

көлік сақтандыру полисі мерзімінің өтуі

көлік айдауға қажетті өзге де құжаттар мерзімінің өтуі  

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:

- Биылғы жылдың 12 наурызынан бастап, цифрлық кодекс аясында қабылданған ӘҚБ туралы кодекстің 31-бабына өзгерістер күшіне енеді. Аталған өзгерістер технологиялардың дамуына және процесстердің цифрландырылуына байланысты енгізілді. Негізгі мақсат - заманауи техникалық шешімдерді қолдану арқылы жол қауіпсіздігін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін күшейту. Маңыздысы жаңадан тыйымдар енгізілмейді. Тек бұрыннан бар құқықбұзушылықтарды анықтаудың техникалық мүмкіндіктері кеңейтіледі.

Аталған заң бұзушылықтардың әрқайсысы үшін көлік жүргізушілеріне 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл көзделеді. Дей тұрғанмен Ішкі істер министрлігі өкілінің айтуынша, бұл жаяу жүргіншілерге қатысты емес. Яғни айыппұл негізінен көлік тізгініндегі азаматтарға салынады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz