Елде 3 мың 300-ден аса мәслихат депутаты бар.
Барлығының басын қосып, үшінші мәрте республикалық форум өтті. Мақсат – қызмет сапасын көтеру. Яғни халықтан «санда бар, санатта жоқ»,-деген баға алмас үшін, бағдарды айқындап алған абзал. Сондықтан жергілікті мәслихат мәртебесі мен өкілетін өңірдегі өткір мәселені шешуге бағыттауы тиіс. Сайлаушылардың талап-тілегімен санасып, шешім қабылдай білгені жөн. Саясат дағдыларына мығым боп, ашық диалогтан қашпайтын адам болу керек. Бірақ, бұның бәрі кәсібилікпен келеді.
«Депутат болу – халықтың үні болу», деген сөз. Мәслихат та мемлекеттік биліктің маңызды тармағы. Өйткені өңірдегі өзекті мәселені көтеріп, халық атынан билікпен беттесетін бірден бір орган. Сондықтан сайлаушылар алдындағы жауапкершілік салмағы бір атанға жүк. Сылдыр сөз, атүсті есеп жүрмейді. Саяси-қоғамдық жұмысқа ақы төленбесе де, халықтың хақы үшін қызмет ету керек.
Ләззат Разбекова, Астана қалалық мәслихатының депутаты:
- Жалпы мәслихат болсын, Мәжіліс болсын депутаттарды профилизация жасау жөнінде мәселе үнемі көтеріліп жүр. Депутаттардың кәсібилігіне, тұлғалық болмысы дейміз бе, халықпен жұмыс істеу деңгейіне деген талап күннен-күнге күшейіп келе жатыр. Сондықтан мәслихат депутаты болу оңай деп айта алмаймын. Халықтың үдесінен шығу маған оңайға түсіп жүрген жоқ. Сөздің ашығы. Өйткені әлеуметтік мәселе көп шоғырланған округтың депутатымын. Мәселенің барлығын бірден шешіп тастау мүмкін емес. Бірақ ең бастысы халықпен диалог орната білу, ашық болу.
Мәслихаттар – жария саясаткерлердің жаңа толқынын қалыптастыруы тиіс. Сонда ісі мен мысы басым тұлғамен мемлекеттік билік санасады. Президент те мәслихат депутаттары жергілікті билікке ықпал ету үшін өкілеттігі мен мәртебесін барынша пайдаланғаны жөн,-деп еді. Ел көтерген түйдек-түйдек мәселенің түйіні сонда ғана тарқайды.
Арман Хайруллин, Атырау облыстық мәслихатының депутаты:
- Мысалы, Атырау өңірі үшін экологиялық мәселе күнделікті талқыланатын және өткір мәселе ретінде танылады. Бұрын мемлекеттің экологияны қорғайтын рөлін айқындайтын болса қазір азаматтар да табиғатты сақтауға және оның ресурстарын үнемді пайдалануға міндеттеледі. Бұл қажеттіліктен пайда болып жатыр. Өйткені, баурайда, далада, қалада жыл сайын 3 мыңнан 8 мыңға дейін стихиялы қоқыс алаңдары пайда болады.
Депутаттардың тиімділігі кәсібилігіне тікелей байланысты. Тағы бір сыналатын тұсы жергілікті экономикалық саясат. Қаржыны қадағалаудан халық қалаулылары қалыс қалмау керек. Сондай-ақ жалпыұлттық міндеттерден де жалтармауы тиіс. Мәселен, халықтың қарыз жүктемесін азайту, ауыл тұрғындарының кірісін арттыру сияқты өзекті мәселе жетерлік. Қорыта айтсақ, халықтың бары да, нары да депутаттар. Үлкен істер атқарар, деп үміттенеді. Үдеден шыға алмаса сын.
Нысаналы Ығыл, Марат Диханбаев
Тегтер #мәслихат депутаттары #форум #халық #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz