Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға тағы екі эвакуациялық рейс келеді. Арнаулы бортқа ең алдымен балалы отбасылар, егде жастағы жандар және студенттер алынған.
Жалпы Таяу Шығыстан мыңдаған қазақстандық шығарылды. Соның ішінде бір ғана Араб Әмірліктерінен 10-нан астам ұшақ ұшып шықты. Елшілік және консулдық қызметкерлері қазақстандық туристермен тәулік бойы байланыста, қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Отандастарымызды қонақүйге орналастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Алдымен балалар, қариялар, сондай-ақ қыз-келіншектер тізімге енгізіліп, кезең-кезеңімен елге қайтарылды. Көпшілік мемлекеттің қамқорлығына риза. Айта кетейік, әмірліктердің әуе кеңістігі әлі жабық. Тек шектеулі бағыттарда арнаулы ұшақтар ғана ұшып шығады.
Болат Сұлтанов, эвакуациялық рейс жолаушысы:
- Біріншіден, Қазақстан үкіметіне, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа рақмет айтқым келеді. Осылай бізге қамқорлық жасап, шетелдегі азаматтарын қиын жағдайда қалдырмай, мүмкіншілік жасап жатыр. Біздің алдымызда да көп рейстер ұйымдастырылды. Әрбір ел мұндай жағдай жасап жатқан жоқ. Қазақстан ерекше жұмыс атқарып жатыр.
Рената Илюбаева, эвакуациялық рейс жолаушысы:
- Күні бұрын бізбен хабарласып, отбасымыздың эвакуациялық рейспен елге қайтатынын айтты. Ең алдымен, балаларымыз үшін ерекше қуандық. Өйткені жағдай шын мәнінде тұрақсыз. Дүмпулерді естіп, көрген сайын көп алаңдаймыз. Енді өз елімізде, тыныштықта боламыз. Осы іске атсалысқан барша жанға алғыс айтқым келеді. Дипломаттар мәселемізді жедел шешіп, бізге барынша көмек көрсетті.
Тегтер #Таяу Шығыс #Шарджа #эвакуациялық ұшақ #рейстерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz