RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбеде электробустар пайда болды

13.03.2026, 12:19 110

Ақтөбе кезең-кезеңімен экологиялық таза қоғамдық көлікке көшеді. Өңірге 45 электробус жеткізілген. Олардың бір бөлігі қазірдің өзінде қалалық бағыттарда қатынап жүр. 

Енді дизельді автобустардың орнына газбен жүретін көліктерді көбейту жоспары бар.

Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорынның автопаркіне 37 электробус қосылды. Экологиялық таза қоғамдық көлік қазірдің өзінде екі қалалық бағытқа қызмет көрсетеді. Жаңа автобустар отандық өндірушіден сатып алынған. Жалпы бұл тасымалдаушы компанияның иелігінде 150 техника бар. Алдағы уақытта кәсіпорын электробустарға толық көшуді көздейді. 

Асқар Сабантаев, жолаушылар тасымалдаушы компаниясының өкілі:

- Қазір қозғалтқыш қосылып тұр. Өздеріңіз естіп тұрғандай, ешқандай дыбыс шықпайды. Жүрген кезде де дыбыс шықпайды. Автобус барлық техникаға сай керек-жарақпен қамтамассыз етілген. Сапа жағынан бұрынғы автобусымыздан ешқандай айырмашылығы жоқ. 80-85 адамға арналған. 

Ақтөбеде алты тасымалдаушы кәсіпорын жұмыс істейді. Күн сайын қалалық бағыттарға 350 қоғамдық көлік шығады. Олардың қатарында электробустар, газбен жүретін автобустар және дизель отынын пайдаланатын көліктер бар.

Жанесен Масабаев, қалалық ТҮКШ, автомобиль жолдары және жолаушылар бөлімінің бас маманы:

- Қазіргі уақытта дизель отынымен жүретін автобустардың саны алты тасымалдаушы бойынша 200-ге жуық автобус бар. Алайда бөліміміз ұйымдастырған конкурстың талабы бойынша алдағы уақытта оларды метанмен жүретін автобустарға ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Мамандардың айтуынша, мұндай бастама экологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді. Қазір өңірде 250 мың көлік тіркелген. Былтырдың өзінде олардан атмосфераға тараған зиянды қалдық көлемі 115 мың тоннадан асқан.

Нұрбиға Айтжанова, Экология департаментінің бөлім басшысы:

- Азот диоксиді, күкірт диоксиді, көмірқышқыл газы сияқты ластаушы заттар бар. Қаламыздың ауасына қатты әсер етеді. Көлік газбен жүргенде олардың саны 60 пайызға дейін азаяды. 

Биыл қала ішінде жүретін автобустар паркін жаңарту аясында метан және электр қуатымен жүретін 80 автобус сатып алу жоспарланып отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz