«Амал - Көрісу күні» мерекесі Маңғыстауда 13 наурыздан бастау алады.
Биыл да аймақ тұрғындары игі дәстүрден жаңылмай, «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде бас қосты. Ақтаудан 150 шақырым жердегі Қаратаудың ең биік нүктесінде бабалар рухына құран оқылып, «Бірлік» оты жағылды.
Жасыңыз құтты болсын! Дәл осылай ақ тілегін біріне бір арнаған Маңғыстау халқы Отпан тауда құшақ жая көрісті. Наурыз көжеден дәм татты. Алтын құрсақ, ақ жаулықты аналар бақ сынаған өнер байқауын, ауқымды концерттік бағдарламаны тамашалады. Дәстүрлі мерекенің ең маңызды бөлімі қазір біз тұрған Отпан таудың басында, «Адай ата» кесенесінің алдында «Бірлік» алауының тұтануы болды. Жалпы Маңғыстаудың ең биік шыңында от жағу дәстүрі ертеден бастау алады. Қазақ батырлары елге қауіп төнген сәтте тау басында алау тұтатып, көмек шақырған. Сол жерге шұғыл әскер аттанып, жаудың бетін қайтарған. Ата дәстүр тәуелсіздік жылдары еліміздегі бірлікті әлемге дәріптейтін айтулы шараға айналды. Аймақта Амал мейрамы соңғы жылдары халықаралық деңгейде өтіп жүр. Бүгін бауырлас түрік, әзербайжан, өзбек, қырғыз елінен делегация келуі дәстүрлі мереке маңызын арттыра түсті. Ендігі кезек мейрамға жиылған азаматтардың пікіріне құлақ түрсек.
Энес Аль, турист:
- Қазақстанға алғаш рет Амал мерекесін көру үшін Ыстамбұлдан арнайы келдім. Таудың басы салқын болса да көпшіліктің ыстық ықыласын көріп, көңілім марқайып тұр. Ақ жаулықты аналар байқауын тамашалап, ұлттық ас-сусыннан дәм таттық. Ылайым, қазақ елінде жақсылық болсын.
Нұрнияз Мұқанов, ҚР Мәдениет қайраткері:
- Қазақстан бүкіл дүниежүзіне қарағанда, бұрынғы ТМД елдеріне осы бірлігімен, татулығымен, бейбітшілігімен ерекшеленеді. Бүгінде күн ерекше жарқырап, халықтың көңіл күйі тамаша.
Баймұрат Опаев, Тарихшы:
- Жақсы, бұл жерде қонақшыл халық. Рахмет айтамын, осы жерге келуімді пайдаланып. Жақсы күтіп алды, қонақ деп сыйлап жатыр. Тарихи орын музейді көрдік. Маңғыстаудың ең биік шыңы екен. Шыңына да шықтық, маған үлкен әсер қалдырды.
Мерекелік шаралар Отпан тауда ертең жалғасады. Қаратаудың етегіндегі Жыңғылды ауылында құнан, топ және аламан бәйге өтеді. Бас жүлдеге жеңіл автокөлік тігілді. Сондай-ақ көпшілік қазақ күресі, гір тасын көтеру, асық атып-арқан тартудан сынға түседі. Айта кетсек, 14 наурыз - Көрісу күні Маңғыстаудың барлық елді мекенінде ауқымды шаралар ұйымдастырылады деп жоспарланған.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #көрісу күні #амал мерекесі #МаңғыстауPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz