Қарағанды облысында 4 мыңнан астам волонтёр әлеуметтік және қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді.
Былтыр өңірдің тазалығына үлес қосып, су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесіп, қарттар мен балалар үйіне, көпбалалы отбасыларға жәрдем берді. Барлығы мыңнан астам іс-шара өткізді. Салауатты өмір салтын насихаттау бағытында 125 спорттық жарыс ұйымдастырды. Халықаралық волонтёрлар жылына арналған облыстық форумда еріктілердің еңбегі жайлы айтылды. Референдум қарсаңында өткен ауқымды шараға белсенділер, волонтёрлық ұйымдардың өкілдері және түрлі әлеуметтік жоба ұйымдастырушылары қатысты.
Облыстық жастар ресурстық орталығы жанында еріктілердің 14 фронт-офисі жұмыс істейді. Одан бөлек, 75 волонтёрлық ұйым бар. Жастар өңірдегі түрлі әлеуметтік және қоғамдық шараға белсенді түрде атсалысып жүр. Мысалы, былтыр экологиялық және әлеуметтік бағытта 482 шара өткізген. Форумда облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ерікті жастардың қажырлы еңбегіне алғысын білдіріп, қайырымдылық қайырлы іс екенін айтты.
Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:
- Адам жеке басының қамын ойлап, ешкімге жақсылық жасамай, халқына пайда келтірмей, артында із қалдырмай өмір сүрсе, ондай өмірдің мәні жоқ. Қазақстанның ертеңі өздеріңдей ұлтжанды, адамгершілігі мол жаңа буынның қолында. Ендеше 15 наурызда ел тағдырына бейжай қарамайтын өздеріңдей жастар өз таңдауын жасайды деп сенемін.
Форумда облыстың үздік волонтёрлық ұйымдары марапатталды. Жеңімпаздар білім беру, денсаулық сақтау, қайырымдылық, спорт, мәдениет сынды бағыттарда тоғыз номинация бойынша анықталып, оларға ақшалай сыйлық табысталды.
Әсел Төлепова, волонтёр:
- Бүгін біздің ұйым марапатталды. Себебі біз жылдар бойы көптеген волонтёрлық жұмыстарды атқарып келеміз. Волонтёрлық іс-шаралар, соның қатарында табиғатты аялау мақсатында ағаштар отырғызу, сенбіліктер жасау секілді акцияларды ұйымдастырдық. Сонымен қатар қарттар үйіне, балалар үйіне көмектесу секілді көптеген жұмыстарды атқардық.
Форумда «Сарыарқа волонтёрларының хартиясы» қабылданды. Онда еріктілерге ортақ басты қағидалар айқындалған. Салтанатты шара соңында эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтті.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев Аман Хамит
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Қарағанды #ЕріктілерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz