RU
Толық нұсқаға өту

Қызылорда облысында шағын өндірістік алаңдар ашылды

13.03.2026, 21:50 74

Қызылорда облысында арнайы өндірістік алаңдар ашылып, ауыл кәсіпкерлері бизнесін дамытуға мүмкіндік алды.

Жалпы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2 жылда 782 -жоба жүзеге асқан. 5,5 млрд теңге бөлініп, ауылдықтар жеңілдетілген несие алды. Мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Биыл да ауылшаруашылығы және өндіріс саласында бірнеше нысан пайдалануға беріледі. Мемлекеттің қолдауы нәтижесінде қызмет көрсету саласы да дамып жатыр.

Жаңақорған ауданының тұрғыны Азамат Жұмабаев 6 жылдан бері жиһаз жасайды. Алайда тұрмысқа қажетті бұйымдардың түрін көбейтіп, кәсібін кеңейту үшін қажетті жабдығы  болмады. Мемлекеттен қолдау болғаннан кейін, бұл мәселе шешімін тапты, -дейді кәсіпкер. 

Азамат Жұмабаев, кәсіпкер:

- «Ауыл аманаты» жобасы қосылғанын естіп, ауылдың сол мекемеге барып, құжат толтырып, 2,5 пайызбен 8,5 млн қаржылай қолдау алдық. Оған осы «распильный станок», «ПВХ станок», жанында тағы да өзімізге керекті ауданда жоқ технологияларды әкеліп, қазір осындай қызмет жасап жатырмыз.

Ал Шиелі ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өндірістік алаң ашылды. Кәсіпкерлер талапқа сай ғимаратпен қамтамасыз етілді. Бизнес иелері нысанды тегін пайдаланады. Қазір мұнда жарнама өнімдерінен бастап, кондитер, жартылай фабрикат, қағаз өнімдері өндіріледі.

Нұргүл Бағымова, кәсіпкер:

- Біз сияқты шағын кәсіпкерлер үшін өте жақсы қолдау. Мысалы, 2,5 пайызбен алған кредит, енді көптеген тағы да біз машиналар алдық, тігін машиналарын, станоктар алып жатырмыз. Жақсы қолдау болып жатыр мемлекеттен. Мына ғимаратты да бізге тегін беріп отыр.

Мамандардың айтуынша, өңірде осындай 5 өндірістік алаң ашылған. Алдағы уақытта тағы 9-ы іске қосалады. Оның ішінде 68 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Ауыл кәсіпкерлігінің дамуы – салық түсімінің де көбеюіне сеп болған.  

Гүлмира исабергенова, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 238 млн теңге салық және міндетті аударымдар түскен. 2024 жылмен салыстырғанда 80 пайызға артып отыр. Биылғы жылдың өзіне 2026 жылға 5,6 млрд теңге қаралып отыр. Жоспар бойынша 526 жобаны іске асырамыз деп отырмыз. Жалпы басым бағыт кооперативтік жобаларға беріледі.

Алдағы үш жылда «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға өңірге 21 миллиардтан астам теңге бөлінеді. Бұл қаражат ауылдық жерлерде мыңнан астам жаңа жобаны жүзеге асыруға бағытталады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz