RU
Толық нұсқаға өту

Оралда Көрісу күні атап өтілді

14.03.2026, 14:45 97

Бабадан жеткен байырғы дәстүр бойынша наурыздың 14-і Көрісу күні.

Бүл күні оралдықтар жасы үлкен көрші-көлемге, тума-туысқа, елдің естілеріне ертемен барып сәлемдеседі, хал-жағдай сұрасады, қаһарлы қысты артқа тастаған ағайынның амандығын біліседі. Биыл да Жайық жұртшылығы жылдағы дәстүрден жаңылмады. Аймақ басшысы Нариман Төреғалиевтың өзі бастап аға буын өкілдеріне көрісіп, сый-құрмет көрсетті.

Биыл 87 жасқа аяқ басқан Әсия әжеміз төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсіріпті. Бүгінде тамырын тереңге жіберіп, жапырағы жайқалған мәуелі бәйтеректей 15 немере, 13 шөберенің қызығына кенеліп отыр. Көктем мерекелерінің ішінде Көрісуді асыға күтеді. «Сақтағаныңды салсаң, сағынғаның келер» деп, соғымның сүр етін қазанға салады. Биыл да барын дастарқанға қойыпты. 

Әсия Мұқатова, қала тұрғыны:

- Бала кезімізде де осылай болды, иә. Ата-анамыз үйде отырады, иә, келіндері алдында жүреді. Ошағын жағады, асын пісіреді. Келіп, түйдек-түйдек келіп, жаңағы үлкен кісіге көріседі. Сол әлі күнге шейін көріп қайтқанымыз. Сол енді ата-ананың орнын өзіміз бастық. Қазір өзіміз де солаймыз. Солардың алғысы болар, солардың батасы болар осы өмірге жеткеніміз. 

Биыл кейуанаға көрісіп, ақ батасын алғандардың қатарында өңір және қала басшылары да болды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Көрісу мейрамының арқауында ізгілік пен мейірім жатқандығын, үлкендерге сәлем беріп, ағайынның амандығын білудің өзі халықты береке-бірлікке, ынтымаққа шақыратынын атап өтті. 

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Мына бір топ әріптестеріммен келіп, сәлем беріп жатырмыз. Үлкен әулет екенсіз. Мынау балалардың қызығын көріп осы жерде немере-шөберелердің ортасында отырсыз. Айттан айтқа аман-есен жете берейік! Апа, сіздің отырған орныңыз береке, осы балаларға да, немерелерге де үлкен кісінің отырғаны үйде, бұл береке!

Биылғы көрісу күні Орал қаласында өзге мазмұнды шаралармен айшықталды. Мәдениет ошақтарында, білім беру ұйымдарында мейрамның мәні кеңінен насихатталды. 

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz