Соның нәтижесінде өңірдегі құрылыс талаптары бір жүйеге келтіріліп, жоспарлау жұмыстары ашық әрі тиімді бола түсті.
Қазіргі таңда Зайсан мен Қатонқарағайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа әуежайлардың құрылысы жүріп жатыр. Жобаларды биыл аяқтау жоспарланған. Мамандардың айтуынша, бұл нысандар аймақтың көлік қолжетімділігін арттырып, туризм саласының дамуына жаңа мүмкіндік береді. Сонымен қатар елді мекендердің бас жоспарларына жаңа жағажайлар мен курорттық-демалыс аймақтары енгізіліп жатыр.
Өскеменде баспана құрылысы қарқын алған. Жаңадан 36 көпқабатты үй салынып жатыр. Жоспарға сәйкес шаһар аумағы 28 шағын ауданға бөлінеді. Көшелерге айналма жолақ салу арқылы көлік кептілісін азайту көзделген. Қаланың бас жоспары өткен ғасырдың 40-жылдары бекітілген. Содан бері тек 2021 және 2025 жылдары біршама түзетулер енгізілген. Биыл толық цифрландырылды.
Сергей Комлев, ШҚО Техникалық университетінің доценті:
- Бұл өзгеріс бірінші кезекте ірі инфрақұрылымдық жобаларды жедел жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Цифрландырудан соң мемлекет меншігіндегі жерлерде құрылыс салу, қолданыстағы ғимараттарды жаңғырту, қайта жоспарлау жұмыстары біршама оңтайландырылғаны байқалады.
Биыл шілде айынан бастап елде жаңа құрылыс кодексі күшіне енеді. Кодекс мәтінінде сейсмоқауіпті жерлері бар шығыс өңір үшін талаптар көрсетілген. Ендігі кезекте кез келген нысанның бас жоспары жобалаушылар үшін басты құжат саналады. Бұдан былай құрылыс кезеңінде ғимарат қабаттарын өзгертуге болмайды. Қайта жобалау жоспарына енді тек әр екі жыл сайын түзету енгізуге рұқсат беріледі.
Дәулет Сарманов, ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы:
- Шығыс Қазақстан облысы бойынша 22 ауылдық елді мекеннің бас жоспары жасалды. Әрқайсында егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары көрсетілген. Қазір олар қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр. Жылдың соңына дейін сараптамалық тексеруден өткізіледі.
Елді мекендердің бас жоспарына инженерлік желілердің нақты қай аумаққа тартылатыны туралы мәлімет енгізіледі. Бұл аяқ астынан зақым келген жағдайда сол инженерлік желінің қай мекемеге тиесілі екенін бірден анықтауға сеп болады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #ШҚО #цифрландыру #құрылыс #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz