RU
Толық нұсқаға өту

Теміржол вокзалдары жаңғыртылып жатыр

14.03.2026, 19:00 62

Қарағанды облысында 10 теміржол вокзалы мен төрт жолаушылар платформасына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жоба еліміздің теміржол нысандарын жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр. 

Бұл  вокзалдардың жолаушыларды қабылдау мүмкіндігін арттырып, теміржол қызметінің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. 

Бағдарлама аясында Қарағанды облысы аумағындағы 14 теміржол нысанын қайта жаңғырту көзделген. Оған үш жобалау және бес мердігер ұйым жұмылдырылды. Бұл вокзалдардың алды өткен ғасырдың 60-шы жылдары салыныпты. Содан бері мұндай ауқымды күрделі жөндеу жүргізілмеген. Қазір барлық учаскеде құрылыс-монтаж жұмысы жалғасуда. 

Александр Зайцев, «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ» АҚ филиалы директорының инфрақұрылымдық даму жөніндегі орынбасары:

- Құрылыс жұмыстары былтыр екінші жарты жылдықта басталған болатын. Қазіргі таңда Теміртау, Айса сынды 4 теміржол платформасындағы жұмыстар аяқталды. Ал қалған 10 вокзалда жұмыс жалғасып жатыр. Барлығы биыл бітуі тиіс. Теміржол инфрақұрылымы мен қызмет сапасының жақсаруы жолаушылар санын арттырады деген ойдамыз.

Ауқымды жаңғырту жұмысы Қарағанды-Сұрыптау станциясының жұп бағытындағы вокзалына да жүргізіліп отыр. Былтыр ғимараттың шатыры мен қасбеті жөнделді. Қазір ішкі әрлеу, құрылыс-монтаж жұмысы істеліп жатыр. Жоба бойыша перонды жөндеу, қалқалар мен аялдама павильондарын орнату және өзге де мүмкіндіктер қарастырылған. 

Ержан Қашқынбек, құрылыс учаскесінің басшысы:

- Жоба бойынша қосымша жұмыстар жасалып жатыр. Мысалы, осы Қарағанды-Сұрыптауды алатын болсақ, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін көтергіш механизмдер орнатылады. Сосын электр жабдықтары істен шыққан жағдайда қосымша генератор қойылады бұл жерге. 

«Қайта жаңғырту жұмысы барлық учаскеде биыл аяқталуы тиіс. Соның арқасында вокзалдардың жолаушыларды қабылдау мүмкіндігі артып, қызмет сапасы жақсарады», - дейді мамандар. Жалпы еліміз бойынша теміржол вокзалдары мен жолаушылар платформаларын жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы аясында 125 нысанға күрделі жөндеу жүргізіледі. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz