RU
Толық нұсқаға өту

Елде жұмыртқа импортына шектеу қойылды

14.03.2026, 23:00 42

Қазақстан шетелдерден импортталатын жұмыртқаға тағы шектеу қойды. Бұл отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында қолға алынып отыр. 

Сарапшылардың пікірінше, жұмыртқа импортына жарты жылға шектеу қойылуы еліміздегі құс фабрикаларының жұмысын жандандыруға тың серпін беретін болады. 

Ішкі нарықта тауық жұмыртқасына деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Соған сәйкес өндіріс көлемі де айтарлықтай ұлғайды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ішкі нарықтың 98 пайызы отандық құс фермалары жауып отыр. Жұмыртқа импортына өткен жылдың желтоқсан айында бір айға шектеу қойылған еді. Оның мерзімі 11 қаңтарда аяқталды. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқа импортына тағы жарты жылға тыйым салды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі:

- Алты айға дейін тауық жұмыртқасын ЕАЭО елдерінен импорттауға тыйым салынады. Қазіргі уақытта Қазақстанда 70 құс фабрикасы жұмыс істейді. Оның 34-і жұмыртқа, 29-ы ет, 7-еуі асыл тұқым өндіреді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тауық жұмыртқасының өндірісі 2,4%-ға, 4 млрд 568 млн 500 мың данаға артқан. Ішкі нарықтағы отандық өндіріс 98%-ды құрады. Тиісті бұйрықты Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдайды.

Жеңіс Смаилов, құс фабрикасының директоры:

- Он жылдықтың ішінде ет пен жұмыртқаны Қазақстан жақсы көтерді. Ол енді үкіметтің қолдауымен ғой. Нешетүрлі беріп жатқан несие бар, басқа да бар, үкіметтің қойған алға программалары бар. 2025-те біз 80 млн шығардық. Негізі мүмкіндігіміз 180 млн. Сондықтан біз артық шығарсақ, қазір сата алмай отырмыз. Неге десеңіз, нарыққа сырттан кіріп жатқан жұмыртқа өте көп. Менің ойымша, шектеу керек.

Қазақстанда өндірілген әрбір жұмыртқаның өзіндік құнының 75 пайызы құрама жем алуға жұмсалады. Оның шетелдерден тасымалданатынын ескерсек, отандық өндірістің әлемдік баға саясатына тәуелді екенін аңғаруға болады.

Жеңіс Смаилов, құс фабрикасының директоры:

- Біз осы құс шаруашылығында 25 жыл жүрміз. Мұның қиыншылығының бәрін көріп келе жатырмыз. Құс ұстау оңай емес. Неге десеңіз, біздің сырттан кіретін тауықты да, балапанын да сырттан алып келіп кіргіземіз. Инкубациялық жұмыртқасын да сырттан алып кіргіземіз. Сонымен қатар жемге арналған қоспалары, яғни витаминдер, екпелері де сырттан келеді. Біздің баға қымбаттаған жоқ әлі. Көтерген де жоқпыз. Бірқалыпты үш жыл болды ұстап отырмыз. Ол жағынан да үкімет өте үлкен көмек көрсетіп жатыр. 

Ғалымжан Асылханұлы, жұмыртқа сұрыптау цехының басшысы:

- Мұнда сағатына 120 мың жұмыртқа өндіріледі. Ол жоғары сорт, орта сортты және бірінші, екінші сорт деп бөлінеді. Халал сертификаты бойынша жұмыс істейміз. Сапасы жоғары өте.

Жұмыртқа импортына алты айға шектеу қою туралы шешім сыртқы сауда мәселелеріне арналған ведомствоаралық комиссияның отырысында қабылданды. Онда негізінен отандық өндірісті дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. «Жұмыртқа импортына қойылған алты айлық шектеу еліміздегі құс фабрикаларының жұмысын жандандырып, отандық өнімді қолдауға мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде бәсекеге қабілетті орта қалыптастырып, экспортты ұлғайтуға жол ашады», - дейді мамандар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz