Маңғыстауда туристер үшін жаңа визит орталықтары құрылады. Алматы тау кластерінде қосымша аспалы жолдар пайда болады.
Ал Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы бірнеше көлдің жағалауында инфрақұрылым жетілдіріледі. Бұл шаралар дәл осы аумақтардың туристік әлеуетін арттыруға арналған кешенді жоспар аясында жүзеге асырылғалы отыр.
Көкжиекпен тілдескен Каспий теңізі, ежелгі мұхит табаны болған Бозжыра, жұмбаққа толы Торыш тастары. Бұл Маңғыстау облысындағы ең көрікті жерлердің бір бөлігі ғана. Аймақтың табиғатын көзбен көру үшін былтырдың өзінде 350 мыңнан астам саяхатшы келген. Олардың 20 пайызы - шетелдік.
Зи Чжэн, саяхатшы:
- Маңғыстауға бірнеше турист болып келдік. Бұған дейін Алматыны аралап, Шымбұлақта шаңғы теуіп көрдік. Ендігі мақсатымыз - Бозжыраның тылсым сырлы табиғатын өз көзімізбен тамашалау.
Алдағы үш жылда туристер қатары тағы 150 мыңға артуы мүмкін. Кешенді жоспар аясында Кендірлі курорттық аймағын дамыту, Бозжыра, Тамшалы сияқты бірегей табиғи нысандар үшін визит орталықтары, жаяу жүргіншілер жолы мен шолу алаңдарын салу жоспарланып отыр. Ал Алматы тау кластерінде шаңғы курорттары кеңейтіледі және қосымша 30 аспалы жол пайда болады. Бұл қазіргі жүктемені азайтуға және жыл сайын туристер ағынын 5 млн адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Ақмарал Ещанова, қалалық Туризм басқармасы басшысының орынбасары:
- Тау-шаңғы аймағын кеңейту және жаңғырту, қолданыстағы аспалы жолдарды модернизациялау, сондай-ақ Бұтақты шатқалында жаңа бағыттарды салу көзделген. Жобаның негізгі мақсаты – тау-шаңғы курортына келушілердің қатарын арттырып, қауіпсіздік деңгейін күшейту және жаңадан бастаушылардан бастап, кәсіби шаңғышыларға дейінгі барлық санаттағы қонақтар үшін қолайлы әрі заманауи инфрақұрылым қалыптастыру.
Ал Щучье және Бурабай көлдерінің жүктемесін азайту үшін дәл осы курорттық аймақтағы Қотыркөл, кіші және үлкен Шабақты, Жөкей көлдерінің жағалауында инфрақұрылымды дамыту міндеті тұр. Былтыр туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 1,2 трлн теңгеден асты. Алдыңғы жылдағымен салыстырғанда 33 пайызға артқаны байқалады.
Нұрбол Байжанов, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Жеті қолдау шарасы бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 2,7 млрд теңгеге қолдау шаралары мақұлданған. Ол 2024 жылғымен салыстырғанда 10 пайызға өскен. Ішіндегі ең басымдары туристік объектілерді салу кезінде шығындарының 10 пайызын өтеу.
Былтыр елге 15 миллионнан астам саяхатшы келген. Қонақ үйлер мен демалыс базаларының табысы 270 млрд теңгеге жуықтады. Туризм және спорт министрлігінің ресми статистикасы осындай. Әлемдік туризм рейтингінде Қазақстанның рөлі нығайып келеді. Дүниежүзілік экономикалық форум жариялаған индекс бойынша біздің ел 119 мемлекеттің арасынан 52-орынға жайғасты.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Маңғыстау #туристерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz