RU
Толық нұсқаға өту

Қызылорда облысында өнерлі әжелер дауыс берді. Live

15.03.2026, 12:02 99

Қызылорда облысында 378 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Өңірде 490 мыңнан астам дауыс беруші бар.

Қызылорда қаласында 126 референдум учаскесі бар. Біз қазір қала аумағындағы Тасбөгет кентінде  №226 дауыс беру учаскесінде тұрмыз. Мұнда тұрғындар таңертеңнен лек-легімен келіп, өз таңдауын жасап жатыр. Жалпы өңірде алғаш рет дауыс беретін 2 мың 637 жас бар. Оның ішінде 36-сы дәл бүгін 18 жасқа толды. Алғаш дауыс берушілер үшін және учаскеге бірінші болып келген жандарға комиссия естелік сыйлықтар үлестіріп жатыр. Сонымен қатар кейбір ұжымдар топ болып келіп, бюллетень алуда. Солардың бірі – Сәбира Майқанова атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған «Бастаңғы» әжелер ансамблі болды. Батыр аналардан құрылған ансамбль мүшелерінің ең жасы алпысқа аяқ басса, үлкені сексеннің сеңгіріне шыққан. 40 жылдық тарихы бар өнер ұжымы ескі, есті әндерді нақышына келтіре орындауымен ерекшеленеді. Бұл жолы да ақ жаулықты аналардың өнеріне жұртшылық ризашылығын білдірді.

Бисенкүл Алшынбаева, әжелер ансамблінің мүшесі:

- Бұл біздің дауысымыз әлі ертеңгі ел игілігі үшін мәнді. Сондықтан да мен өз даусымды беруді ұйғардым. Елімізде бейбітшілік, денсаулық берсін барлығыңызға да, аман болыңыздар.

Күләш Бодықова, әжелер ансамблінің мүшесі:

- Бұл өте маңызды күн, тарихи күн. Сондықтан да мен еліміздің болашағы жас ұрпаққа бұл үлкен мәні бар, мағынасы бар деп ойлаймын. Аға буын ретінде жастарға үлгі болсын деп өз дауысымды бердім.

Айта кетейік, бүгін қалада қоғамдық автобустар тегін қызмет көрсетуде. Сонымен қатар мүгедектігі бар жандарды дауыс беру учаскелеріне жеткізуге автоволонтерлер де ат салысып жатыр. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz