RU
Толық нұсқаға өту

Маңғыстау облысында теміржолшылар әулеті референдумда дауыс берді

15.03.2026, 14:00 72

Маңғыстауда бір әулеттен шыққан 9 адам теміржол саласында еңбек етеді.

Қисановтар жанұясы былтыр отбасылық құндылықтарды дәріптейтін ұлттық байқаудың өңірлік кезеңінде топ жарған. Референдум күні теміржолшы Мейрам Қисанов бастаған өнегелі әулет тұрғылықты мекенжайы бойынша Мұнайлы ауданында №215-ші учаскеде дауыс берді.

Қисановтар әулетінің тіршілігі теміржолмен біте қайнасқан. Ата мен әже, бала-келіндерінің осы саладағы қызмет осымен үшінші ұрпаққа жалғасып келеді. Отағасы Мейрам Қисановтың айтуынша, теміржолшылар әулетінің жалпы еңбек өтілі биыл 214 жылды құрайды. Жалпыхалықтық референдумда дауыс берген аға буын өкілі елді бірлікке шақырды.

Мейрам Қибасов, теміржолшы:

- 1991 жылы егемендік алғаннан бастап өсіп келе жатырмыз. Қазақстанымыздың Конституциясына өте жақсы жаңалықтар қосылып жатыр. Телеарнадан көріп жатырмыз, естіп те жатырмыз бәрін де. Солардың бәрі орындалсын, халық жақсы болсын. Халық тоқ болса, бәрі де тыныш болады. 

Мерейлі отбасы Мұнайлы ауданындағы Шерқала ауылында тұрады. Демалыс күні ерте уақытта келіп, өз таңдауын жасаған әулетке естелік сыйлық берілді. Жалпы бүгін өңірде 261 референдум учаскесі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Соның ішінде 42 учаске Ақтауға жақын жердегі Мұнайлыда орналасқан. 

Қаршагүл Әділбекова, №215 референдум учаскесінің төрағасы:

- Референдум өткізу күні Амал мерекесімен тұспа тұс келіп жатқасын халықтың келуі белсенді. Қазір 500-ден астам дауыс берілді. Өте қуаныштымыз. Елімізге барлығы бей-жай қарамайды. Осындай маңызды мәселе талқыланып жатқан уақытта халық белсенді келіп жатыр.

Дауыс берген соң көпшілік Наурыз көжеден дәм татып, қариялар жастарға ақ батасын берді. Айта кетсек, облыс бойынша референдум күні қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдайды. Тұрғындардың ұлттық киіммен келуіне орай дауыс беру учаскелерінде мерекелік көңіл күй байқалады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz