Референдумға бауырлас түрік еліндегі жерлестеріміз де белсенді қатысып жатыр.
Шет елдегі ең ірі дауыс беру учаскелерінің бірі саналатын Түркияда шамамен 3 мыңға жуық дауыс беруші тіркелген.
Мен дәл қазір Анкарадағы №450 референдум учаскесінен сөйлеп тұрмын. Мұнда дауыс беру қарқыны қызу. Таңғы сағат 07:00-ден бері азаматтардың легі толастар емес. Мұнда 1200 дауыс беруші тіркелген. Әсіресе Анкарадағы жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық жастардың белсенділігі ерекше байқалады. Олар бүгінгі саяси науқанды ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымның көрінісі деп бағалайды. Сондай-ақ Түркияның өзге қалаларында оқитын жастар да арнайы келіп дауыс беріп жатыр. Қыршехир, Сивас, Кастамону, Самсун, Қайсері секілді қалалардан келген студенттердің қатары көп. Кейбірі бірнеше сағат жол жүріп келгендерін айтады. Бүгінгі тарихи сәтте ұлттық дәстүрді дәріптеген жастар да ерекше көзге түсті. Карабүк қаласынан жеткен жастар референдум учаскесіне думандатып келіп, тарихи сәтті мерекеге айналдырды.
Кейбірі қазақы нақыштағы киім киіп келіп, референдум учаскесінің атмосферасын ерекше әсерге бөледі. Ал елшілік тарапынан дауыс беруге келген азаматтарға ыстық бауырсақ пен тәтті тағамдар ұсынылып, шағын дастарқан жайылған. Қазір менің жанымда Түркиядағы қазақ жастарының белсенді өкілдерінің бірі, «Анкара қазақ жастары бірлігі» ұйымының төрағасы Жантөре Бектасов тұр.
Иә, мұнан бөлек бүгінгі саяси шараға Алматыдан келген Қазақ ұлттық университетінің бір топ студенті мен оқытушылары да қатысты. Олар тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында Анкараға кеше ғана келіпті. Соған қарамастан референдум күні дауыс беруге арнайы уақыт тауып, азаматтық белсенділіктерін танытты.
Орынтай Ошанова, Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің кафедра меңгерушісі:
- Біз бүгін Түркияның Анкара қаласына үлкен Түрксойдың жобасымен келіп тұрмыз арнайы медиамамандарға арналған 5 күндік кездесу болып жатыр. Соған байланысты келгенбіз. Біздің студенттеріміздің арасында 18-ге енді ғана толып, өмірлерінде ең бір маңызды қадам жасап жатқан студенттер дауыстарын беріп жатыр.
Жалпы Түркияда 4 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Олар Анкара, Ыстамбұл, Анталия және Измир қалаларында орналасқан. Мұнда Түркияның әр аймағында білім алып жатқан, жұмыс істеп жүрген немесе уақытша келген азаматтар дауыс беруге мүмкіндік алып отыр. Ал дауыс беру процесінің барысы мен азаматтардың белсенділігі туралы референдум комиссиясының төрағасы Асқар Төлепбергеннен сұрап білейік.
Жексенбі күні болғанына қарамастан азаматтарымыз референдумға белсенді қатысып жатыр. Мұндағы атмосфера да ерекше. Дауыс беруге келген жерлестеріміздің көңіл-күйлері көтеріңкі. Бұл жат жерде жүрсе де елдегі маңызды саяси оқиғадан шет қалмайтын азаматтардың жауапкершілігін көрсетсе керек. Айта кетейін, Түркиядағы дауыс беру жергілікті уақытпен кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #референдум 2026 #Түркия
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz