Еліміздің түкпір-түкпірінде 10 мыңнан астам референдум учаскесі жұмыс істеп тұр.
Дауыс беру үдерісінің ашық әрі кедергісіз өтуі үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Таңғы уақыттан бастап учаскелерге келушілер саны көбейіп, азаматтар өз таңдауын жасауға белсенді қатысып жатыр. Мысалы, Ақмола облысында биыл жастардың белсенділігі ерекше байқалады. Олардың қатарында алғаш рет дауыс беріп, ел болашағына өз үлесін қосып жатқан жастар да бар. Жалпы ел азаматтары референдумға жауапкершілікпен қарап, өз ұстанымдарын білдіруде.
Ақмола облысында 511 мыңнан астам адам дауыс беру құқығына ие. Оның жеті мыңға жуығы саяси науқанға алғаш рет қатысып отыр. Елдің жарқын болашағы үшін өз таңдауын жасаған жастардың көңіл күйі көтеріңкі. Қобалжу да жоқ емес. Облыс бойынша 760 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр.
Мерей Тілеубай, студент:
- Иә, мен алғаш рет дауыс беріп жатырмын. Әрине, қобалжу бар. Бұл еліміз үшін, халқымыз үшін, жастар үшін маңызды қадам. Болашақ жастардың қолында.
Мұнайшылар дауыс берді
Ақтөбе облысында 528 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Саяси науқан алдында 3534 адам дайындықтан өтіп, тиісті сертификатын алды. Өңірдегі еңбек ұжымдары да референдумға ертеден бері қатысып жатыр. Мәселен, Мұғалжар ауданының Саға ауылындағы нөмірі 332 учаскеде Жаңажол кен орнында жұмыс істейтін мұнайшылар дауыс берді.
Римма Жұмағалиева, №332 референдум учаскесі комиссиясының төрағасы:
- 332-ші Саға референдум учаскесінде 2315 адам тіркелген. Көпшілігі вахталық тәсілмен жұмыс істейтін мұнайшылар. Сағат 20:00-ге дейін дауыс беріп әркім өзінің міндетін атқарады деп сенеміз. Күтеміз барлығын.
Учаскелерде мүгедектігі бар жандардың қажеттілігі ескерілген
Қарағанды обылсында 637 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Өңірдегі 757 мыңнан астам адам дауыс беру құқығына ие. Учаскелерде мүгедектігі бар жандарға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Мысалы, есту қабілеті нашар адамдар мына құлаққабы бар ноут-буктан барлық ақпаратты тыңдай алады. Ал зағип жандар арнайы Брайль қарпінің көмегімен дауыс береді. Сондай-ақ сурдоаударма қызметі де бар.
Олег Валецкий, №17 референдум учаскесі комиссиясының төрағасы:
- Бізде арнайы бұрыш жабдықталған. Егер арбадағы адамдар келсе, олар үшін де ешқандай кедергі жоқ. Арнайы көтергіш құрылғы, пандус қарастырылған. Дауыс берушілерге әзірлеген сыйлықтарымызды да табыстап жатырмыз.
Өңірде 700-ден астам байқаушы жұмыс істеуде
Абай облысындағы барлық дауыс беру учаскелері таңғы сағат жетіде өз жұмысын бастады. Өңір бойынша барлығы 465 учаске жұмыс істейді. Облыста дауыс беруге құқығы бар азаматтардың саны 400 мыңнан асады. Облыстағы учаскелерде 700-ден астам байқаушы референдум барысын бақылауда.
Орал Шәріпбаев, қоғам белсендісі:
- Бүкіл Семей халқы серпіліп бүгін өзінің еңсесін көтеріп, бүкіл әлемге танылған еліміз бүгін бәрін көрсетіп жатыр. Ең бастысы адам капиталын қолдау, қорғау деген. Адамдар сол үшін қуанып жатыр.
Қыдыр ата дауыс берді
Қостанай қаласындағы дауыс беру учаскесінің бірінде ерекше оқиға болды. Наурыз мейрамының символы саналатын Қыдыр ата №18-ші учаскеге келіп, көпшілікке бата берді. Одан кейін өзі де дауыс беріп, азаматтық ұстанымын көрсетті. Бұл сәт халықтың мәдени дәстүрлері мен қоғамдық өмірінің өзара сабақтастығын көрсеткен жарқын көрініске айналды.
Қабдол-Мәжит Иманов, І. Омаров атындағы облыстық Қазақ драма театрының актері:
- Ел шеті жаусыз болсын, ел іші даусыз болсын. Артқаның түйе болсын, сауғаның бие болсын, жүрген жерің көген болсын. Айтқаның өлең болсын. Өркенді болыңдар. Өмірлі болыңдар, әрдайым көңілді болыңдар! Аумин.
116 жастағы әже дауыс берді
Ұлытау облысында республикалық референдум барысында ел болашағына бейжай қарамайтын аға буын өкілдері де азаматтық белсенділік танытуда. Соның жарқын үлгісін Жаңаарқа ауданының тұрғыны, 116 жастағы Түймегүл Темірбаева көрсетті. Қызылжар кентінде тұратын әже референдумда дауыс беріп, өзінің азаматтық таңдауын жасады.
Еліміздің түкпір-түкпірінде 10 мыңнан астам референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Тәуелсіз және халықаралық байқаушылар дауыс беру процесінің заң аясында өтуіне назар аударып, учаскелердегі ұйымдастыру жұмыстарының талаптарға сай жүргізілуін бақылауда ұстайды.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #референдум 2026 #конституция
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz