Жамбыл облысындағы учаскелерде ұлттық ойындар мен концерттік бағдарламалар өтсе, түркістандықтар дауыс беруге робот костюмінде келді.
Ал ақмолалық саятшылар құмай тазы, қыран бүркітімен көпшілікті таңқалдырды.
Ұлттық киімдегі бұл өнерпаздар – ардагер ұстаздар. Олар таңсәріден 10 шақты учаскені аралап, дауыс беруге келген тұрғындардың көңілін көтеріп жүр. Айтуларынша, ел болашағы үшін маңызды саяси науқаннан ешкім шет қалмауы тиіс.
Баймұрат Жақсыбеков, ардагер ұстаз:
- Бұл әр азамат үшін өте маңызды. Себебі ол азаматтың еліміздің жастарымыздың болашағы. Ата заң біздің әр азаматтың құқығын айқындайтын қорғайтын заң болады. Сондықтан біз азаматтар осы заң үшін міндетті түрде қолдауымыз керек, қатысуымыз керек деп ойлаймын.
Мерей Бает, тілші:
- Саяси науқан қарсаңында әулиеаталықтар тек қана өз таңдауын жасап қана қоймай ұлттық ойыннан жарыстарға да қатысып жатыр. Мәселен біз тұрған 44 референдум учаскесінде, мінекей гір тасын көтеру, тоғызқұмалақ, шахмат және ләңгі тебу сынды сайыстар ұйымдастырылған. Ұйымдастырушылар қатысып жатқан тұрғындарға өздерінің шағын сыйлықтарын табыстап жатыр.
Түркістан
Ал түркістандық жастар дауыс беру учаскесіне робот пен ертегі кейіпкерлерінің образында келді. Көпшіліктің көңілін көтеріп, ата-анасына ере келген бүлдіршіндерге ерекше әсер сыйлады.
Ақмола облысы
Ақмола облысында қолдарына бүркітін қондырып, құмай тазысын ерте келген саятшылар дауыс берді. Олар облыс орталығының іргесінде орналасқан Ақкөл ауылындағы №511 референдум учаскесінде таңдау жасады. Саятшылардың сөзінше, саяси науқан елдің ертеңі мен болашақ жастар үшін жасалған маңызды қадам.
Қайыркен Малғаждаров, Ақкөл ауылының тұрғыны:
- Біз дауыс беру арқылы өзіміздің болашағымызды айқындаймыз. Мұны ешкім бей-жай қалдырмауы анық. Әркім өздерінің ынта ықыласын білдіріп, референдумға белсене қатысып, өмірдің алдағы бағытында өздерінің болашағы үшін дауыс береді деп сенемін.
Вахта жұмысшылары дауыс берді
Атырау облысы
Атырау облысындағы өндірістік кәсіпорындарда да дауыс беру учаскелері белсенді жұмыс істеп жатыр. Теңіз қалашығында вахталық әдіспен жұмыс істейтін 10 мыңнан астам жұмысшы үшін 8 учаске ұйымдастырылды. Оларды тасымалдау үшін автобустар дайындалған. Жалпы елдің барлық өңірінде референдум учаскелері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Аймақ тілшілерінің қолдауымен Мерей Бает
Тегтер #референдум 2026 #дауыс беру #қазақстандықтар #24KZ #Жамбыл облысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz