Республикалық референдум - демократияның көрінісі.
Ал жаңа Конституция мемлекеттің дамуына тың серпін береді. Шанхай ынтымақтастық ұйымының байқаушылары осылай деп пікір білдірді. Жалпы Қазақстанға шетелден 359 халықаралық байқаушы келді. Олар дауыс беру процессінің заңға сай өтуін қадағалап жүр.
Мөлдір Жақан, тілші:
- Халықаралық байқаушылар республикалық референдумның ұйымдастырылу деңгейін бір ауыздан жоғары бағалап отыр. Олардың айтуынша, тұрғындарға, соның ішінде мүгедектігі бар жандарға дауыс беру үшін қажетті жағдай жасалған. Байқаушылар дауыс беру кезінде заңбұзушылықтар анықталған жоқ дейді.
Дауыс беру барысы әділ әрі ашық өтіп жатқанын айтады. Шанхай ынтымақтастық ұйымының бақылаушылар миссиясы осымен 16-рет Қазақстанға келіп отыр. Ұйымның 20-ға жуық мүшесі Астана қаласын, сондай-ақ Ақмола облысында орналасқан 60-тан астам дауыс беру учаскесін аралап үлгерген.
Олег Копылов, ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары:
- Қазақстанға бұған дейін де байқаушы болып келгем. Бүгінгі референдумға дайындық, ұйымдастыру жағы жоғары деңгейде. Әсіресе, цифрландыру тұрғысынан біраз ілгерілегенін атап өткім келеді. Бұл Қазақстанның мықты тұсы.
Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясының өкілдері де дауыс беру процесі мен референдумға дайындық халықаралық нормаға сай екенін айтады. Халықтың, әсіресе, жас буынның белсенділігін ерекше атап өтті. Ұйым байқаушылар үш қалада – Астана, Алматы және Түркістанда дауыс беру барысын қадағалап жатыр.
Рамиль Гасан, ТҮРКПА Бас хатшысы:
- Байқаушылық қызметте тәжірибеміз мол. Қазақстан әр кез демократияның жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Тұрғындар таңдауын еркін жасап жатқанын байқап отырмыз. Қорытындылармен ертең бөлісеміз.
Айта кету керек, саяси науқан барысынан шетелдік әріптестеріміз де хабар таратуда. Осы мақсатта әлемнің түкпір-түкпірінен 206 журналист аккредитациядан өтті.
Мөлдір Жақан, Медет Қуанышбаев
Тегтер #халықаралық #референдум 2026 #дауыс беру #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz