Наурыз мейрамы қарсаңында он саусағынан өнер тамған шеберлердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы дүниелерге сұраныс артып тұр.
Түркістандағы Қолөнершілер қалашығында тері мен темірден, жүн мен киізден, тоқыма мен керамикадан жасалған бұйымдарға тапсырыс берушілер көбейді.
Сұлтанғали Темірұлы 12 жылдан бері ұлттық нақыштағы өрнектермен безендірілген бұйымдар жасайды. Күміспен көмкеріліп, ақық тастармен әшекейленген алқа, сырға, білезіктері көздің жауын алады. Шебер қазір ұлттық бұйым тағу, ұлттық киім кию сәнге айналғанын, әсіресе мейрам қарсаңында тапсырыс көбейетінін айтады.
Сұлтанғали Темірұлы, зергер:
- Бүгінгі таңда ұлттық бұйымдарға, қолөнерге қызығатын азаматтар мен азаматшалар көп. Қазір елімізде ұлттық киімдерді, ұлттық бұйымдарды тұтыну сәнге айналып келе жатыр. Наурыз айы келгенде тапсырыс бұрынғыдан екі есе көбейеді. Өзіміздің ұлттық би билейтін бишілерімізден де тапсырыс түсіп, солардың әшекейлерін, билегенде көрсететін көріністеріне қатысты бұйымдарын да жасап жатырмыз.
Ертұрман жасайтын Жанболат Сүйінбайды атқұмар қазақтың бәрі біледі. Оның ат әбзелдері көршілес елдерде де сұранысқа ие. Бағасына қарамай алып жататындар бар. Шебер былғарыдан да ұлттық нақыштағы бұйымдар жасайды. Қазір кәдесый ретінде тайқазанды қыштан құйып шығарып жатыр.
Жанболат Сүйінбай, шебер
- Сапасы мықты болса, әдемі, керемет болса, сұраныс өте үлкен. Біз енді бұрыннан келе жатқаннан кейін сапаға жұмыс істейміз. Әкем бала кезімізден бізге сапасы жақсы болуға үйреткен. Қарапайым тайқазандар үлкен сұранысқа ие. Солардың өзі Өзбекстаннан, Қытайдан келетін. Биылдан бастап біз өзіміз дамытып, тайқазанды шығарып жатырмыз.
Ал Мереке Айдарша кілем тоқуды бала кезінен үйренген. «Ол кезде ауылдағы әрбір екінші үйде кілем тоқылып жататын», - дейді қолөнерші. Кейін сәндік қолданбалы өнер бұйымдары мамандығын бітірген соң, бұл кәсіппен шындап айналысқан. Кілем тоқудан бөлек, киіз басып, сырмақ тігеді.
Мереке Айдарша, кілем тоқушы:
- Қазір мынау тоқып жатқан кілем Араб кілемі деп аталады. Тақыр кілем деп те айтылады. Сапасына қатты мән беремін. Өйткені технология дамыды қазір, сұраныс жақсы. Сатып алушылар да табиғилығына, технологиясына мән беріп алады. Таза қойдың жүнінен иіріп, табиғи бояумен боялып жасалған. Кейде арасында жұмыстарым болып қалады, қадалып отыратын болсам, 2 айда бітіруге болады.
Мереке шәкірт тәрбилеумен де айналысады. Ұлттық өнерді жастардың бойына сіңіріп жүр. Қазір олар ши тоқуды үйреніп жатыр.
Аружан Абылаева, студент:
- Осы ши тоқуда бірінші ақ параққа композициямызды саламыз. Суретімізді салып біткен соң шиімізді дайындаймыз. Суретіміздің оюына жүндерді бояп, осылай ши тоқимыз.
Жалпы Түркістан облысында 130-дан астам шебер бар. Олардың көпшілігі - үйінен ашқан шағын шеберханасында өз бетінше ізденіп, еңбек етуде. Шеберлерге Қолөнершілер қалашығынан арнайы орын берілген. Мұнда киіз, жүн түту, тоқыма, керамика, ағаш және былғары тері, кілем тоқу мен басқұрлар шеберханасы жұмыс істейді.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Қолөнершілер қалашығында қазір 20-дан астам темірден түйін түйген шебер мен зергер, ағаштан ою өрген ұсталар ұлттық өнерімізді ұлықтап, оны көпшілікке танытуға күш салуда. Шеберлер мұнда ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасап қана қоймай, бір-бірімен тәжірибе алмасады. Қалаға келетін туристер мен қонақтарға ұлтымыздың бай мәдени мұрасы мен тарихын, салт-дәстүрін насихаттап жүр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов
Тегтер #Наурыз мейрамы #өнер #шебер #ұлттық нақыш #темір #тері #қолөнер #ТүркістанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz