Шеберханасында сөмкелер, әмияндар және нақыл сөздер жазылған этно паннолар дайындалады. Бір қызығы, шебердің ұжымындағы қызметкерлердің басым бөлігі - өзге ұлт өкілдері.
Соған қарамастан, олар қазақтың қолөнеріне ерекше қызығушылық танытып келеді.
«Өнерлінің қолы алтын» деген нақыл сөзді Максим Тернов ісімен дәлелдеп жүр. Ол 13 жасынан бастап тері өңдеумен айналысады. Кәсіпті әкесінен үйренген. Қазір ұлттық нақыштағы бұйымдар дайындайтын шағын кәсіпорынды басқарады. Қолмен жасалған бұйым арнайы дүкенде сатылып, тұтынушылар арасында сұранысқа ие.
Максим Тернов, кәсіпорын басшысы:
- Кейде достарымыз түрлі бұйымдарды әкеліп, соған ұқсатып жасап беруді сұрайды. Біз сол үлгілерді қарап, жасап көреміз. Кейбір бұйымдарды арнайы тапсырыс бойынша дайындаймыз. Ал өзімізге ұнаған үлгілерді кейін өндірісімізге енгіземіз.
Біртіндеп дамыған кәсіптің ауқымы кеңейіп келеді. Қазір өндіріс орнында 15 адам еңбек етеді. Ұжымда шеберлермен қатар дизайнер де бар. Николай Седых тапсырыс берушінің қалауын түсініп, бұйымның пішіні мен түсін жасайды. Оны түрлі сәндік бөлшектермен толықтырады. Дизайнер 100-ден астам эскиз әзірлеген.
Николай Седых, дизайнер:
- Жұқа теріден бастап әртүрлі материалдармен жұмыс істейміз. Мысалы, өте жұқа теріні әмиян, белдік жасағанда қолданамыз. Ал қалың теріден сөмке сияқты түрлі бұйымдар жасаймыз.
Сапалы дүние қашанда сұранысқа ие. Шеберхананың тұрақты тұтынушылары да аз емес. Мұнда қала тұрғындарымен қатар, арнайы іздеп келетін туристер де жиі бас сұғады. Тұтынушыларды бұйымдардың тек әдемі келбеті емес, оның сапасы да қызықтырады. Себебі барлық өнім табиғи теріден жасалады.
Балауса Нұрғанова, қала тұрғыны:
- Қазақи нақышта өзіміздің ою-өрнекпен жасалған дүниелер ғой. Сол үшін де қызықтырады, тартып тұрады. Таза былғары теріден жасалған бұйымдар. Сапасы да жақсы, жолдасыма әмиян аламыз.
Алдағы уақытта кәсіпорын басшысы шеберхана көлемін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл ұлттық қолөнердің сапалы өнімдерін көбірек шығаруына жағдай жасайды.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов
Тегтер #шеберхана #қолөнер #шебер #тері #кәсіп #СемейPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz