RU
Толық нұсқаға өту

Қызылорда облысында су арналары тазартылып жатыр

16.03.2026, 10:52 65

«Қызылорда облысында биыл 186 мың гектарға дәнді дақыл себіледі. Одан артық егуге болмайды», - дейді жауаптылар. Себебі берілетін судың мөлшері есептеулі. 

Қазір өңір диқандары егін науқанына қызу дайындалып жатыр. Егістікті суаратын каналдар тазартылып, түбі тереңдетілуде. Мысалы, Жаңақорған ауданындағы су арналарының 70 шақырымы қамыс пен құмнан аршылып жатыр. 

Әбдіғаппар ауылының диқандары биыл 750 гектарға егін егеді. Қазір науқанға қызу дайындық жүріп жатыр. Шаруалар былтырғы су тапшылығының салдарын да  ұмытқан жоқ. Алқаптарды кезекпен суаруға мәжбүр болған еді. Себебі өңірдегі су арналары мен гидроқұрылғылар тозған.  Жауаптылар биыл бұл мәселе шешіледі деп отыр.

Батырхан Нұрлыбаев, шаруа қожалығының төрағасы:

- Бұл каналға су Түгіскен жақтан, Сырдариядан келеді. Негізі каналдың тазаланбағанына 10 жылдан асып кетті ғой. Сол күйі қалып қойған. Каналдар дұрыс тазаланса, егінге жақсы болады ойлаймыз.

Биыл ауданда су арналарының 70 шақырымы тазартылып, жан-жағы бекітіліп жатыр. Соның бірі – стратегиялық маңызы бар магистральді «Келінтөбе» каналы. Ұзындығы 90 шақырымға жуықтайтын арнаның бойында 24 мың гектардан астам егін алқабы бар. Қазір каналдың 28 шақырымы қамыс пен құмнан аршылуда. Мұнан бөлек, егістікке су жеткізетін шаруашылық арналары да ретке келтіріліп жатыр.

Бақтияр Ахметов, аудан әкімінің орынбасары:

- Аудан теңгеріміндегі 28 каналдың ұзындығы 42 шақырымнан асады. Соны өзіміз аудан есебінен тазалап жатқан жағдайымыз бар. Енді бұл жердегі мақсатымыз - шаруашылықтарға суды мейлінше тездетіп, мейлінше суды біркелкі баруына жұмыс жасау, судың көлемін тиімді пайдалану.

Нұрлан Жақыпбек, тілші:

- Айта кетейік, биыл өңірде егістік үшін Сырдария өзенінен 3 миллиард 200 миллион текше метр су лимиті бөлінген. Облыста барлығы 186 мың гектарға жуық жерге дән себілмек. Су тапшылығына байланысты бірде-бір гектар жерге артық егін егілмеуі керек. «Шығынға ұшырамау үшін әр тамшы суды мамандар қатаң бақылаймыз», - деп отыр. 

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz